Павлодар облысында туберкулезге қарсы заманауи препарат қолданыла бастады

Павлодар облысында туберкулезге қарсы заманауи препарат қолданыла бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл науқастарды небәрі алты ай ішінде емдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстың штаттан тыс бас фтизиатры, фтизиопульмонология орталығы басшысының орынбасары Ризвангүл Смағұлованың айтуынша, жаңа претоманид препараты 2025 жылдың мамыр айынан бастап қолданысқа енгізілген.

– Бұған дейін дәріге төзімді туберкулезбен ауырғандар емді 12–24 айға дейін қабылдайтын. Ал қазіргі таңда бұл мерзім алты айға дейін қысқарды. Бұл – пациент үшін де, медицина саласы үшін де үлкен жетістік, – дейді маман.

Емдеу тегін жүргізіледі. Барлық дәрі-дәрмек мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі.

Жылдың алғашқы алты айында дәріге сезімтал туберкулезді емдеу тиімділігі 90,5 пайызды құрады. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 90 пайыздық көрсеткішінен де жоғары. Ал дәріге төзімді туберкулезге қарсы емнің тиімділігі – 85,2 пайыз. Бұл да халықаралық стандарттарға (80%) толық сай келеді.

– Диагностика мен емдеу процесі халықаралық хаттамаларға сәйкес жүзеге асады. Сонымен қатар, туберкулездің жасырын түрінің алдын алу мақсатында ағзасында микробактерия анықталған, бірақ клиникалық белгілері жоқ азаматтарға профилактикалық ем беріледі. Бұл – дерттің таралуын тежеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі, – дейді Ризвангүл Смағұлова.

Жарты жыл ішінде туберкулезбен ауырғандармен байланыста болған 265 адамның 94 пайызы профилактикалық ем алған. Оның тиімділігі – 90 пайыздан жоғары.

Туберкулезді ұзақ уақыт емдеу кезінде кейбір науқастар емді аяқтамай тастап кететіні белгілі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін амбулаториялық жағдайда ем қабылдайтын азаматтарға ай сайын 10–15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек беріледі. Биыл бұл мақсатқа 58 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Сондай-ақ, Павлодарда ем қабылдап жүргендер үшін 30 орындық әлеуметтік асхана жұмыс істейді. Онда науқастарға күн сайын тегін ыстық тамақ беріліп, дәрігерлердің бақылауында болады.