Павлодарда обыр дертімен ауыратындардың саны артқан
Биылғы жылдың алты айында обырдан облыста 3682 науқас емделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева айтты.
– Өткен жылы осы кезеңде бізде 3000 науқас болған еді. Биыл 682 адамға өсім байқалады. Жыл басынан бері 6 ай ішіндегі сүт безі обырының скринингі кезінде қатерлі ісіктің 34 жағдайы анықталды. Павлодар облысында емхана ұйымдарымен жемісті жұмыстың нәтижесінде онкологиялық аурулардың ерте анықтау 30,7% - ға дейін өсті,– деді Айгүл Мұқышева.
Облыстық онкологиялық диспансердің онколог- дәрігері Ернұр Негманов жергілікті тұрғындарда ауыр дерттің ерте кезеңдерде жиі анықтай бастағанын жеткізді.
– Аймағымызда обыр дертіне шалдықан науқастар саны артып келеді. Бұған адамдардың тексеріске жиі баратыны себепші болды деп ойлаймын. Бұрынғы кезбен салыстырғанда дертті бастапқы сатысында анықтап жатырмыз,– дейді Ернұр Негманов.
Айта кетер жайт, онкологиялық диспансерде ахуалдық орталық жұмыс істейді. Мұнда қатерлі ісікке күдік пайда болған жағдайда, пациенттің емхана медициналық ұйымның тексеру кабинетінен бастап, онкодиспансерде диагноздың расталуы не жоққа шығарылуына дейін «Жасыл дәліз» бойынша толық маршруты қадағаланады.
Фото:Константин Шелков