Павлодарда әжелер ансамбліне он жыл толды
«Сағым жылдар» әжелер ансамблі Қуат Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында 2015 жылы құрылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта ансамбль құрамында 69-82 жас аралығындағы он екі әже бар. Олардың әрқайсы – салиқалы ұрпақ өсыріп, шөбере сүйіп отырған ұлағатты аналар. Түрлі салада тапжылмай еңбек етіп, зейнетке шықан ақ жаулықты әжелер бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр.
Ансамбль құрамында ән салатын әжелер өткен жылдардың әндерін әуелетіп, қайта оралмас жастық шақтың сағымдай бұлдыраған күндерін еске салады.
– 2020 жылы ансамбльге мүше болып келдім. Ансамбльдің негізін қалаушы, марқұм Бақытжамал әже «мен өмірден өткен соң артымнан жолымды қуып, жалғастыр» деп аманаттап кеткен еді. Сол кісінің аманатын жалғастырып келе жатырмын, – дейді ансамбльдің төрайымы Айман Калиева.
2015 жылдан бері ансамбль көптеген игі шаралардың басы-қасында жүр, өңіріміздің мәдени өміріне айрықша атсалысып келеді. Қазақтың халық әндері мен композиторларының туындыларынан бөлек, өзге халықтардың әндерін де нақышына келтіре орындайды.
– Трамвай басқармасында 18 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Төрт балам, сегіз немерем және бір шөберем бар. «Сағым жылдар» әр жүректе жүр. Ән айтқан ұнайды, әжелермен бірігіп, ескі халық әндерін, ал өзім жеке жаңа әндерді айтамын, – дейді 71 жастағы әже Алма Есімова.
Өнер иелері аптасына екі күн бас қосып, ән айтып дайындалады. Шақырған жерге өнер көрсетуге барады. Әр жолы кездескенде қуанып, жасарғандай жақсы көңілмен отбасына оралады. Тек қана сахнада ән салып қоймай, күнделікті өмірде бір-бірін іздеп, жүздесіп тұрады.
Ақ жаулықты әжелер жай ғана ән салып қоймай, ұлттың салт-дәстүрді насихаттауға да айрықша еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, болашақ жастарға қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері жайлы келелі кеңестер айтып отырады.
Зағип және мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін де жиі-жиі қайырымдылық концерттерін өткізеді. Олар әжелермен қосылып ән айтып, көңілдері шарықтап, бір жасап қалады. Бауырсақ, құрт-ірімшік, қымыз, қоспа сияқты ұлттық тағамдардан ауыз тигізіп, шашу шашып, тыңдаушылардың ықыластарына бөленіп келеді.
Әжелердің сахнаға, мерекелерге, кездесулерге киіп баратын ұлттық киімдерінің өрнектері өз қолдарымен тігілген. Іші әнге, сырты сәнге толған әжелер республикамыздың ірі қалаларында өткен бірқатар байқауларға да қатысып, үздік нәтижелер көрсетіп келеді.
Айта кетерлігі, әжелер ансамблі Алматы қаласында «Кел, шырқайық!» бағдарламасының алдыңғы іріктеуінен өткен, орталық тарапынан қолдау көрсетілген жағдайда алдағы наурыз айында ақтық мәреде бақ сынауды жоспарлап отыр.