Жылымық: Павлодарлықтар қараша айында лирикалық драманың куәсі бола алады

Жылымық: Павлодарлықтар қараша айында лирикалық драманың куәсі бола алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры алдағы айдың репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қараша айының соңына дейін көрермендер назарына тоғыз қойылым ұсынылады. 

«Джудит жасаған қиын таңдау» балалар мен ересектерге арналған спектакль-шоу

5-6 қараша, 12:00, 16:00  

Спектакльдің динамикалық құрылымы арқылы қойылым авторлары көрерменге әке мен баланың арасындағы мәселелерді қозғайды. Бала мен ата-ана арасындағы байланыс көпірінің құлдырауы сияқты өмірдегі маңыздылығы жоғары және мәні терең құбылыстар жайлы сыр шертеді. Мүмкін байланыстың үзілу себебі –  адамдардың бір-бірін түсіне алмау немесе түсінгісі келмеу салдарынан орын алып жатқан болар. «Джудит жасаған қиын таңдау» қойылымы айналаға – балаға ересек адамның көзімен, ал ата-анасына баланың көзімен қарауға мүмкіндік береді.

Авторы және режиссері: Сергей Левицкий. Грейс Маклиннің «Самая прекрасная земля на свете» романының желісі бойынша.

«Күзгі махаббат» сатиралық комедиясы 

8 қараша, 17:00

Үздік драматург Надежда Птушкинаның «Күзгі махаббат» пьесасы әлемдік театрларда сахналанып жүрген өзекті де өткір туындылардың бірі.Оның сюжеті қарапайым бір пәтерде екі әйел, анасы мен қызы тұрады. Анасының сырқаты, отырып қалған қыздың мұң-қайғысы өмірлерін бір сарындылыққа салып қойған. Бірақ кенеттен, жаңа жыл қарсаңында керемет оқиға орын алады. Олардың өміріне жаңа адам еніп, олардың тағдырлары күрт өзгереді. Сіз адамдарды қатты жақсы көрсеңіз және басқаны құтқару үшін өзіңізді арнауға дайын болсаңыз, бақытқа сенуге мүмкіндік жасаңыз. Ол орындалады.

Режиссері: Ержан Қауланов.

«Мұғалім» әлеуметтік драмасы 

Премьера 

11 қараша, 16:00 / 12 қараша, 16:00, 18.00 / 13 қараша 16:00

Ұстаз. Ол – жүрегіне ғаламды сыйғызған тұлға. Әрбір сөзі – шәкіртке шамшырақ, әрбір ісі – болашаққа жол сілтер нұр. Бірақ оны ата-ана мен оқушы түсіне ме? Мұғалім тағдыры арқылы адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынуға болады. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды.

Авторы: Қолғанат Мұрат. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Отпен ойнама» ертегісі

14 қараша, 11:00, 12:00

Оқиға желісі орыс халық ертегісінің мазмұнына сай өрбиді. Сахнада мыстан кемпір, сыйқырлы үйшік сынды кейіпкерлер отпен ойнап, қауіпсіздік ережелерін елемейді. Осы тұста Пожар Тушилкин есімді ертегі қаһарманы қол ұшын созады. 

Авторы:  Евгений Пермяк. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Алғашқы махаббат» комедиясы

15 қараша, 17:00

Бұл – қызығы мен мұңы аралас албырт кезеңдегі аяулы сезім. Алғашқы махаббат, албырт сезім, бұл – партадан басталатыны белгілі.

Ал алғашқы сезімі ұстазына оянып, өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған бозбала жайлы естіп пе едіңіз? Бұл албырттық па, әлде ақымақтық па? Бәлкім бұл шынайы сезім шығар. Қойылымда мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттеледі. 

Авторы: Қанат Жүнісов. Режиссері: Жангелді Садықов

«Ерте ояндым, ойландым... Жас Абай» трагедиясы 

20 қараша, 18:00

Оқиға желісі ақынның бала кезінен есейген шағына дейінгі кезеңді қамтиды. Сол кездегі қоғамның болмысы, қақтығыстары Абай дүниетанымының өзгеруіне себеп болған. Оның мыңмен жалғыз алысып, көпке қарсы шығып, қатыгездікке күйінген сәттері – Бала Абайдан ойшыл, дана Абайға айналуына түрткі болады.

Авторы: Мұхтар Әуезов. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Бір досың керек екен» комедиясы 

22 қараша, 17:00

Спектакльде  жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса  да жарға итермес екі дос туралы болмақ. Тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы суреттеледі.

Авторы: Георгий Хугаев. Аударған: Мұқанғали Томанов. Режиссері: Жангелді Садықов.

«Шәмші» спектакль-концерті 

25 қараша, 18:00 

«Шәмші» спектакль-концерті – сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады. Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уынған тау тұлға, есейе келе ғашығы - Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.

Авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Біз туралы» («Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша) лирикалық драма

Премьера 

28 қараша, 18:00 / 29 қараша, 17:00

«Жылымық» – адам жүрегіндегі мейірім мен сағыныш, сүйіспеншілік пен кешірім жайлы сыр шертетін әсерлі драма. Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің бұл туындысы – адамның рухани әлемін, өмірдің аязды сәттерінде де жылылық табуға ұмтылған жанның ішкі күресін бейнелейді.

Қойылымда адам тағдыры, олардың өмірге, махаббатқа және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – махаббат пен мейірім екенін спектакль әр көрінісінде сездіреді.

Театр ұжымы 19 қараша күні Екібастұз қаласына гастрольдік іссапармен барады.