Павлодар облысында мәслихат кандидаттарына салықтық талаптар туралы түсіндірілді
Мәслихат депутаттығына кандидаттар мен олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынуға міндетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасы мамандарының хабарлауынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, кандидаттар мен олардың жұбайлары тіркелгенге дейін 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына тапсыруы керек.
- Декларацияда шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары, шетелдік банктік шоттардағы ақша және басқа да мүлік көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік нысандары, заңды тұлғалардағы үлестер, сондай-ақ заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес қолма-қол ақша мен дебиторлық және кредиторлық берешек туралы мәліметтер енгізіледі, - дейді мамандар.
Декларацияны толтырмас бұрын салық төлеушілерге растайтын құжаттарды алдын ала дайындау ұсынылады. Құны 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын өзге мүлікке тәуелсіз бағалау жүргізу қажет. Жеке тұлғалар арасындағы дебиторлық және кредиторлық берешек декларация жасалған күнге нотариалды түрде куәландырылуы тиіс.
Салық органдары декларацияны тапсырмас бұрын мәліметтерді ресми ресурстар арқылы тексеруге кеңес береді. Бағалы қағаздар туралы ақпаратты Қазақстанның бағалы қағаздар орталық депозитарийінің сайтынан, зияткерлік меншік нысандары туралы мәліметтерді «Қазпатент» ресурсынан, ал жылжымайтын мүлікке қатысты ақпаратты электрондық үкімет порталынан алуға болады.
Декларацияны электрондық түрде Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеуші кабинеті» арқылы knp.kgd.gov.kz тапсыруға болады. Сондай-ақ құжатты мемлекеттік кірістер органдарына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына қағаз түрінде тапсыруға не пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберуге мүмкіндік бар.
Қосымша ақпаратты 1414 байланыс орталығынан немесе тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органынан алуға болады.