Павлодар облысында монополистерге миллиондаған айыппұл салынды

Павлодар облысында монополистерге миллиондаған айыппұл салынды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақта табиғи монополия субъектілеріне қатысты жүргізілген тексерулер нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Камилла Байғожанова мәлімдеді.

Жыл басынан бері ведомство сегіз жоспардан тыс тексеру жүргізген. Соның бесеуінде заң талаптарының бұзылғаны расталған. Нәтижесінде табиғи монополия субъектілеріне жалпы сомасы 23,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Тексеру барысында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ мен «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-да мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің бұзылғаны анықталған. Сондай-ақ, «Таза су» жеке кәсіпкері Екібастұз қаласына қарасты ауылдардың бірінде тұрғындарға уәкілетті орган бекітпеген тариф бойынша қызмет көрсеткен.

– «Агротехника-Дидар» ЖШС кірме жол қызметін көрсете отырып, өзін табиғи монополия субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне қоспауға тырысты. Бұл өз кезегінде бекітілмеген тарифпен жұмыс істеуге әкелуі мүмкін еді. Департамент сот арқылы кәсіпорынды мемлекеттік тіркелімге енгізуге мәжбүрледі, – деді Камилла Байғожанова. 

Айта кетейік, жыл басынан бері департамент мамандары 20 сот процесіне қатысқан. Ведомство табиғи монополия саласында заң талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстап отыр.