Павлодарда декларацияда криптовалютасын жасырғандар анықталды

Павлодарда декларацияда криптовалютасын жасырғандар анықталды
Фото:pixabay.com

Цифрлық активтер болған жағдайда олар салық декларациясында міндетті түрде көрсетілуі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының мемлекеттік кірістер органдарымен 2023 жылғы 31 желтоқсанда меншігінде цифрлық активтері, яғни криптовалютасы бар және салық есептілігі нысанын (240.00) ұсынбаған және оларды көрсетпеген 171 тұлға анықталды. Қазіргі уақытта цифрлық активтер бойынша жұмыс 73% орындалды.

Салық кодексінің 331, 332-баптарына сәйкес жеке тұлғалардың цифрлық активтерді сатудан түскен кірістері мүліктік табысқа жатады. Цифрлық активтерді сату кезінде иелік ету мерзіміне қарамастан, құн өсімінен кіріс пайда болады.

– Цифрлық активтерді сату кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс сату құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырмашылық болып табылады. Құн өсімінен түскен табысқа 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынуға тиіс, – деді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов.

Салық міндеттемелерін орындауды жеке тұлғалар дербес жүзеге асырады. Мұндай кірістер жеке тұлғаның салық декларациясында көрсетіледі. Жыл қорытындысы бойынша 240.00 нысаны бойынша жеке табыс салығы бойынша декларация, ал жалпыға бірдей декларацияға кірген кезде – 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылады.