Павлодар облысында саяжайларда үш өрт тіркелді
Облыс аумағында отызға жуық бау-бақша кооперативі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Оразбек Уәлиханов мәлім етті.
– Жыл басынан бері облыстағы саяжай аумақтарында үш өрттің фактісі тіркелді. 2023 жылы халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы нәтижесінде облыстың бау-бақшаларында жалпы ауданы 100 гектардан асатын 80 өрт тіркелді. Жалпы өрттен 527 саяжай учаскесі зақымданды, – дейді Оразбек Уәлиханов.
Оның сөзінше, өткен жылы өрттердің көбі «Металург», «Яблонька» саяжай аумақтарында тіркелді. «Металург» бағбаншылығында бір өрттің салдарынан 371 саяжай учаскесі отқа оранды. Бұл өртке саяжайлардың бірінде от жаққан әйел кінәлі деп саналды. Тұрғынның үстінен әкімшілік іс қозғалды. Ал «Яблонька» бағбаншылығында 106 өрт тіркелді.
– Бүгінгі таңда жыл басынан бері құрғақ шөпті жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін 37 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ескерту 35 тұрғынға жасалса, екі адамға жалпы сомасы 73 840 теңгеге айыппұл салынды,– деді ол.
ТЖД қызметкерлері күн сайын профилактикалық жұмыс жүргізуде. Облыс тұрғындарына өртке қарсы тақырыптағы жадынамалар буклеттер таратылып, өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріледі.