Манго мен лимон будандастырылған қарбыз: Аққулыда ерекше өнім шығарылды

Манго мен лимон будандастырылған қарбыз: Аққулыда ерекше өнім шығарылды
Фото: Константин Шелков

Аудан қарбыздың астанасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл «Қарбыз жұмағы» фестивалі өткен жылдармен салыстырғанда ауқымы жағынан сәл ықшам болғанымен, өзінің жылы атмосферасы мен мерекелік көңіл күйін сақтап қалды.

Фестиваль қонақтарын концерттік бағдарламалар, шығармашылық алаңдар, көрмелер және, әрине, мерекенің басты сәні – қарбыздар қарсы алды. Тәтті өнімнен дәм татуға келгендердің барлығына мүмкіндік берілді. Бақша өсірушілер өз өнімдерін жомарттықпен ұсынып, фестиваль қонақтары піскен қарбыздан қалағанынша дәм татты.

Мерекенің ең жарқын сәттерінің бірі – қарбыз тақырыбындағы сән көрсетілімі болды. Байқауға қатысушылар небәрі екі аптаның ішінде қызыл-жасыл түсті ерекше киім үлгілерін өз қолдарымен тігіп шыққан. Барлық қатысушы естелік сыйлықтармен марапатталды.

– Мен Аққулы ауданының тұрғынымын, өзім осы аттас ауылда тұрамын. Өзімнің тігін ательем бар. Бұл костюмді толықтай өз қолыммен тіктім, – дейді жеке кәсіпкер, Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Ария Қазбекова.

Көрермендердің ерекше қызығушылығын қарбыздан жасалған көркем ойма өнері көрмесі де тудырды. Шеберлер тәтті жидектің жасыл қабығы мен шырынды жұмсағына жануарлардың бейнесін, раушан гүлдерін және түрлі күрделі өрнектерді ойып жасаған.

– Бұл жұмыстарды біздің оқушыларымыз жасады. Олар фестивальге екі күн қалғанда осы композицияларды дайындады. Мысалы, раушан гүлі толығымен пышақпен ойылып жасалған. Біздің ұл-қыздарымыз – нағыз шеберлер. Оларды арнайы ешкім үйреткен жоқ, барлығын өздері меңгерді. Қазір интернет пен YouTube бар, сол жерден түрлі идея тауып, жаңа әдіс-тәсілдерді үйреніп жүр, – дейді Шарбақты орта мектебінің өкілі.

Фестиваль аясында ерекше дойбы турнирі де ұйымдастырылды. Бұл жолы ойын тақтасындағы дәстүрлі тастардың орнына қарбыз бен қауын қолданылды.

Мерекеде аудан бақша өсірушілерінің жетістіктері де кеңінен таныстырылды.

– Биыл 19 шаруашылық 1880 гектар алқапқа қарбыз екті. Орташа өнімділік гектарына 400 центнерді құрап отыр. Бүгінде 29 мың тонна өнім жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары. Біздің бақша өсірушілер Астана мен Қарағанды қалаларын, сондай-ақ Павлодар облысының нарығын қарбызбен қамтамасыз етеді, – деді Аққулы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлім Бесембеков.

Алайда фестивальдің басты кейіпкерлерінің бірі – 28 жылдан бері қарбыз өсіріп келе жатқан тәжірибелі дихан Қайрат Шапуов болды. Ол Қазақстандағы алғашқы қарбыз фестивалі дәл Аққулы ауданында 2012 жылы ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Біз қарбызды суармай, нитрат қолданбай өсіреміз. Тек жаңбыр суына сүйенеміз. Құрғақшылық болған биылғы жылы да өнім өте жақсы шықты. Бұған қатты қуанамыз. Қарбыздың тамыр жүйесі жерге терең бойлап, ылғалды өздігінен табады, – деді шаруа.

Биыл оның шаруашылығында қарбыздың 40-тан астам сорты өсірілді. Ал фестивальге дихан ең қызықты 32 сортын алып келген. Олардың арасында асқабақ, лимон және мангомен будандастыру арқылы алынған карбыз түрлері де бар.

– Бізде маусым бойы өнім беретін ерте, орташа және кеш пісетін сорттардың барлығы бар. 2011 жылы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып сары түсті қарбыз өсірдік. Алғашында адамдар қарбыздың жұмсағының сары болғанын түсінбей, сатып алуға аса қызығушылық танытпады. Кейін оған сұраныс артты. Одан соң селекциялық жұмыстардың нәтижесінде өзіміздің сары қарбыз сорттарын шығардық, – деді Қайрат Шапуов.

Бұдан бөлек, шаруашылықта экзотикалық қызғылт сары қарбыз сорттары және тұқымы АҚШ-тан арнайы тапсырыспен әкелінген әйгілі «Ай мен жұлдыздар» («Moon and Stars») сорты да өсіріледі.

Қайрат Шапуовтың айтуынша, ол ұзақ жылдар бойы жүздеген қарбыз сортын сынақтан өткізіп, Павлодар Ертіс өңірінің климаттық жағдайына барынша бейімделген түрлерін ғана сақтап қалған.

«Қарбыз жұмағы» фестивалі Аққулы ауданының қарбыз өсіруде өзіндік орны бар екенін тағы бір мәрте көрсетті.