Павлодарда ACROS 550 комбайнының мүмкіндіктері таныстырылды
Жаңа үлгі егін жинау жұмысын жеделдетуге арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда ACROS 550 астық жинау комбайны көпшілік назарына ұсынылды. ЯМЗ-236 қозғалтқышымен жабдықталған машинаның басты артықшылығы – құрылымының қарапайымдылығы, қосалқы бөлшектерінің қолжетімділігі және жоғары өнімділігінде.
Сервистік инженер Владимир Черакшевтің айтуынша, бұл модель жергілікті шаруашылықтар арасында сұранысқа ие. Бұған қажетті бөлшектерді оңай тауып, жөндеу жұмыстарын жедел жүргізуге болады.
– Павлодар облысындағы шаруашылықтардың басым бөлігінде осы техниканы кездестіруге болады. Ол өте танымал. Қазір кейбір шаруашылықтарда үш-төрт комбайннан бар, – деді маман.
Инженердің сөзінше, отандық нарықта ұсынылған бұл модель батыстық үлгідегі комбайндардан кем түспейді. Алайда салыстыру кезінде техниканың класын ескеру қажет. Қозғалтқыш көлемі – алты литр, ал астық бункерінің сыйымдылығы – тоғыз мың литр.
Шаруалар егін жинау машиналарын таңдағанда ең алдымен жұмыс жылдамдығы мен өнімділігіне басымдық береді. Бұл тұрғыда аталған модель төменгі кластағы нұсқалардан тиімдірек. Кеңейтілген бастырғыш құрылғысы астықты қысқа уақытта жинауға мүмкіндік береді.
– Соңғы екі жылда кейбір фермерлер төменгі кластағы комбайндардан өнімділігі жоғары техникаға ауысып жатыр. Олар үшін жинау жылдамдығы мен жұмыс қарқыны маңызды. Сондықтан жоғары класқа көшуге қызығушылық бар, – деді Владимир Черакшев.
Көрмеде кәсіпорынның басқа да ауыл шаруашылығы машиналары қойылды. Атап айтқанда, жер көлемі шағын шаруашылықтарға Т-410 тракторы мен төменгі кластағы комбайндар да бар. Бұдан бөлек, бункер-тиегіш пен тіркемелі бүріккіштер таныстырылды. Ал жаңа РСМ 2400 тракторын өңір шаруалары қызметте пайдалану үшін жеткізу көзделуде.
Маманның пікірінше, шаруалар үшін қосалқы бөлшектердің қолжетімділігімен қатар, егін жинау науқанының тиімділігі де шешуші рөл атқарады. Осы себепті өнімділігі жоғары машиналарға қызығушылық артып келеді.
