19 қазанда Павлодар облысында сенбілік өтеді
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов 19 қазан – жалпыоблыстық сенбілік күні деп жариялады.
– Қоршаған ортаны сақтау бірінші кезекте тазалықтан басталады. Сондықтан өңір тұрғындарын жалпыоблыстық сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын. Барлық аудандар мен ауылдарда, қалаларда сенбілік өтеді. Тазалықты сақтау өз қолымызда, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыста 13 сәуірден бастап елдімекендерді санитарлық тазалау бойынша шаралар өтуде. Жыл соңына дейін есептелген іс-шаралар жоспары әзірленіп, бектілді.
– Барлығы 250 мыңнан астам тұрғын қатысты, 122 мың тонна қоқыс шығарылды, 60-тан астам түрлі экоакция ұйымдастырылды, сегіз мыңнан астам кәсіпорын, мемлекеттік мекеме мен ұйым тартылды. Экологиялық акция шеңберінде елдімекендерді абаттандыруға қатысты өтінімдерді берудің бірыңғай платформасы әзірленді. «Таза Қазақстан» телеграм-ботқа 86 өтініш түсті. Оның ішінде 81 өтінім орындалды, – деді Ержан Иманзаипов.
Жалпыоблыстық сенбілік аясында іс-шаралар жоспарына облыс әкімінің бірінші орынбасары бекітіліп, қалалар мен аудандарға жолданған. Тазалық шарасы шеңберінде өңірді сапалы тазарту және абаттандыру бойынша шаралар қабылданатын болады.
Сондай-ақ аймақ басшысы әкімдерге сенбілікті өткізу үшін қажетті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.