Павлодарда 28 панфиловшының ерлігіне арналған акция басталды

Патриоттық «Память нашего сердца» шарасы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара барысында жастарға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі туралы тарихи деректер еске салынды. Кеште қатысушылар өз отбасының тарихымен бөлісіп, соғыс туралы көркем және деректі фильмдерді талқылады.
Іс-шараны «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, Павлодар облысының әскери-патриоттық тәрбие беру ассоциациясы және «Майдан жолы» павлодарлық іздестіру-зерттеу жасағы бірлесе ұйымдастырды.
Достық үйінде өткен бұл кездесуде соғыстың ең ауыр әрі шешуші кезеңдерінің бірі – Мәскеу үшін шайқас тақырыбы қозғалды. 1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково разъезінде Алматы қаласында құрылған, генерал-майор Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері ерекше ерлік пен табандылық көрсетті.
– Панфиловшылардың сан жағынан әлдеқайда басым жауды тоқтатуы – бұл сын сағатта жігер мен батырлықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің нышанына айналды. Бұл ерлік әскери даңқтың шежіресіне мәңгілікке жазылды, – дейді ұйымдастырушылар.
Кешке бейнеүндеу арқылы Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы бас консулы Алан Хетагуров, кинорежиссёр Владимир Хотиненко және аты аңызға айналған генерал Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамова қатысты.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өтетін болады. Әрбірі соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігімен тығыз байланысты жекелеген шайқастарға – Сталинградтан Берлинге дейін – арналмақ.
Сурет «Майдан жолы» павлодарлық іздестіру-зерттеу жасағынан алынған