Павлодар облысында салық есептілігіне қатысты маңызды өзгерістер түсіндірілді
Павлодар облысы бойынша МКД Түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы тұрғындарға салық есептілігін тапсыруға қатысты маңызды ақпарат берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, егер салық төлеуші салық есептілігін белгіленген мерзімде ұсынбаса, бірақ Салық төлеушінің кабинеті жүйесінде (СӘИЖ СТК) тапсырылуы тиіс есептілік нысандары алдын ала көрсетілген болса, жүйе автоматты түрде нөлдік көрсеткішпен салық есептілігін қалыптастырады. Бұл есептілік оны ұсыну мерзімі өткеннен кейін жасалады.
Салық есептілігін тапсырмаған жағдайда салық есептілігін ұсынбағаны үшін хабарлама жіберу, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 272-бабы аясында әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылмайды.
Егер мемлекеттік кірістер органдары тарапынан көрсетілмеген айналымдар немесе кірістер анықталса, әкімшілік жауапкершілік нормалары қолданылуы мүмкін. Ал салық төлеуші мәлімделмеген кірістерді өздігінен анықтап, қосымша салық есептілігін тапсырған жағдайда, ешқандай шара қолданылмайды.
– 2026 жылдан бастап бірқатар жаңашылдықтар күшіне енді. Атап айтқанда: «Салық есептілігін кері қайтарып алу» қызметі жойылады, есептілік тапсырылғаннан кейін өзгерістер тек қосымша салық есептілігін ұсыну арқылы енгізіледі; салық органының коды автоматты түрде анықталады, қажет болған жағдайда оны дербес өзгертуге мүмкіндік бар, – деді басқармада.
Енді салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту (кейінге қалдыру) қарастырылмайды.
Бұл өзгерістер ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №695 бұйрығымен бекітілген. Құжатта:
• салық есептілігінің нысандары мен оларды толтыру бойынша түсіндірмелер;
• есептілікті ұсыну ережелері;
• «Салық есептілігін қабылдау», «Салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру және қайта бастау» мемлекеттік қызметтерін көрсету қағидалары қамтылған.
Аталған нормалар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл талаптар көрсетілген мерзімге дейін туындаған жағдайларға да қатысты болады.