Павлодар облысында тұрғын үй дауы сот арқылы шешілді

Павлодар облысында тұрғын үй дауы сот арқылы шешілді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Екібастұз тұрғыны баспанасын заңды түрде рәсімдеуді сұраған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұрғынның Екібастұз қаласының әкімі мен қалалық экономика және қаржы бөліміне қатысты талабын қарады.

Сотта анықталғандай, 2000 жылы азаматқа Екібастұздан пәтер берілген. Әкімнің шешімімен онымен баспананы бір жыл мерзімге уақытша пайдалануға беру туралы келісім жасалған.

Содан бері ол пәтерде 25 жыл тұрып, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеп келген. Сонымен қатар, баспананы өз қаражатына жөндеген. Алайда жылжымайтын мүлік азаматтың атына рәсімделмеген. Биыл наурызда ол тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке алынған.

Осыдан кейін азамат өзі тұрып жатқан пәтерді мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға беру туралы келісім жасауды сұрап, сотқа жүгінген.

– Коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанамен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады, – деп түсіндірді сот.

Сот талапты ішінара негізді деп тапты. Азаматтың пәтерде ұзақ уақыт тұрғаны, өзге баспанасының жоқтығы, тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде тұрғаны және пәтерді ұқыпты пайдаланғаны ескерілді.

Нәтижесінде «Екібастұз қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне азаматпен мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерді жалдау туралы келісім жасау міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.