Целлофан басты: Баянауылдағы ауылда қоқыс орны қоршалады
Әлеуметтік желіде қоқыс шашылып жатқан видео тарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бұл Торайғыр ауылдық округінің Қызылшілік ауылы. Жаздың күні Жасыбай демалыс аймағындағы қоқыстың барлығы осы жерге төгіледі. Ешкім жинамайды, не қоршалмаған. Қаншама гектар даланы целлофан басып жатыр. Осы мәселеге қатысты жауапты орган бар ма? – дейді видеоның авторы.
Баянауыл ауданының əкімдігінде Торайғыр ауылдық округіндегі заңдастырылған қоқыс орнын қоршау бойынша сұрақ аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілгенін хабарлады.
– Аудан бюджетінің екінші нақтылауында 2 миллион 701 мың теңге қаражат бөлінді. Конкурсты мердігер «Тоқтар» ЖК 1 миллион 745 мың 869 теңгеге ұтып, келісімшарт жасалды. Бұл жерге мемлекеттік акт бар. Қоршау жұмыстары басталды, ағымдағы айдың соңына дейін аяқталады, – дейді әкімдікте.
Баянауыл ұлттық табиғи мемлекеттік саябағында бұл аймақ ұлттық парктің аумағына кірмейтінін хабарлады.
Әлеуметтік желі қолданушылары адамдар табиғат пен еңбекті бағаламайтыны жайлы жазып, қоқыс шашып кеткен адамдарға айыппұл салуды ұсынған.