Павлодар облысында вейптерді сату мен таратумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Павлодар облысында вейптерді сату мен таратумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Фото:pixabay.com/zacgnadinger

Құны 1,6 миллиард теңгеден асатын 155 мыңнан астам вейп пен олардың бөлшектері тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті электронды тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіш пен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

Қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында вейптерді сату «Telegram» мессенджеріндегі онлайн-дүкендер арқылы жүргізілген, ал өнім курьерлік қызмет арқылы жеткізілген.

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін дропперлердің - яғни жалған тұлғалардың атына рәсімделген банк карталарын  пайдаланған. Осы карталар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, олардың заңсыз шығу тегі жасырылған.

Жедел іздестіру шаралары барысында тауар сақтайтын қоймалар мен сату орындары анықталды.

Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 37 миллион теңге болатын үш автокөлікке тыйым салынды – Chevrolet Camaro, Toyota Land Cruiser және Toyota Highlander.

Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды. 

– Вейптердің кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен студенттер арасында кеңінен таралуы алаңдаушылық туғызады. Бұл олардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді, себебі вейп құрамындағы заттар жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, инсульт, инфаркт және басқа да аурулардың пайда болу қаупін арттырады, – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі. 

Тергеу жалғасуда.

ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Агенттік вейптердің таралуына қарсы жүйелі күресті жалғастыруда. Жыл басынан бері электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз айналымының 28 дерегі анықталып, 291 мыңнан астам өнім тәркіленді.