Павлодар облысының экологиясы жақсарады: зауытта озық газ тазарту жүйесі орнатылды

Павлодар облысының экологиясы жақсарады: зауытта озық газ тазарту жүйесі орнатылды
Фото: Ақсу ферроқорытпа зауытынан

Ақсу ферроқорытпа зауытында экологияны жақсартуға арналған заманауи қондырғы іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ERG құрамына енетін «Қазхром» компаниясының Ақсу ферроқорытпа зауытында №42 пешке арналған жаңа газ тазарту жүйесі пайдалануға берілді. Бұл жүйе өндіріс кезінде пайда болатын шаңның 99,5 пайызын ұстап, қоршаған ортаға зиянды шығарындылардың көлемін едәуір азайтады. Соның нәтижесінде өңірдің ауасы тазара түседі.

Жобаның құрылысына жеті миллиард теңге инвестиция салынды. Жабдықтар Германия мен Чехия елдерінің жетекші өндірушілерінен – Siemens пен ZVVZ компанияларынан алынған. Жүйеде төрт мыңнан астам арнайы сүзгі бар және ол сағатына 950 мың текше метр ауаны тазарта алады. Жылына шамамен 16 мың тонна шаң қоршаған ортаға таралмай, ұсталып қалады.

Жобаның бас инженері Александр Сидлецкийдің айтуынша, №42 пеште алғаш рет чехиялық мамандар зауыттың нақты жағдайына бейімдеп жасаған жаңа механикалық шаң тазарту жүйесі қолданылған. Бұл жүйе ұсақ шаң бөлшектерін тиімді сүзуге және өндіріс процесіндегі кез келген өзгеріске жылдам бейімделуге мүмкіндік береді.

– Біз бәріміз таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүргіміз келеді. Сондықтан ERG-дің экологиялық бастамаларын жүзеге асырып, зиянды шығарындыларды азайту үшін озық технологияларға инвестиция салып келеміз, – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев. – Біз тек экологиялық талаптарды орындап қана қоймай, әлемдік деңгейдегі үздік тәжірибелерді енгізе отырып, табиғатты қорғауды негізгі мақсаттардың біріне айналдырып отырмыз.

Бүгінде зауытта 11 газ тазарту қондырғысы жаңартылды. Бұған дейін бірінші балқыту цехында жұмыстар аяқталса, қазір төртінші цехтағы жаңғырту аяқталуға жақын.

Айта кетейік, Eurasian Resources Group құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ жылына алты миллион тонна хром кенін және 1,8 миллион тонна ферроқорытпа өндіреді.