Павлодарлық оқушылар ертегілер әлемі арқылы сыбайлас жемқорлықты көрсетті

Павлодарлық оқушылар ертегілер әлемі арқылы сыбайлас жемқорлықты көрсетті

М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Ертегілер әлеміндегі сыбайлас жемқорлық» театр қойылымдарының соңғы байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаның бірінші кезеңінде мектеп командалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Таза қолдар» әлеуметтік ролигін ұсынды. Екінші кезең «Жемқорлықсыз бақытты балалық шақ» атты эссе байқауында үздіктерді анықтады.

Байқаудың финалистері ар-намыс, жауапкершілік және әділеттілік сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған театрландырылған қойылымдарды сахна төрінде көрсетті.

«Шық бермес Шығайбай және Алдар көсе»,  «Бауырсақ», «Теремок», «Сказка о рыбаке и рыбке», «Иван царевич и Серый волк» ертегілерінің желісі бойынша байқаудың тақырыбын аша білді.

– Жас өрендер ертегі кейіпкерлері арқылы қазіргі қоғамның жаман жақтарын бейнеледі. Балалар нақты мысалдармен сыбайлас жемқорлықтың қандай зардаптарға әкеп соқтыратынын көрсетті, сыбайлас жемқорлық көріністерінің әртүрлі жағдайда кездесіп, одан құтылудың және жол бермеу жолын сахналады, – дейді Оқушылар сарайының әдіскері Әсем Айыпова.

Бірінші орынды – Май ауданының Қаратерек ЖОМ «Ауыл time» командасы, екінші орынды  - Павлодар қаласы №26 ЖОМ «Патриот» командасы мен   Шарбақты ауданы № 2 ЖНМ «Коррупция крадет наше будущее» командасы, Ақтоғай ауданының Қаныш Сәтбаев атындағы НМ   «Юные театралы» командасы жеңіп алды. 

Үшінші орынға Павлодар қаласы №3 мектеп-гимназиясының «Ерікті қадам» командасы, Шарбақты ауданы Хмельницкая ЖОМ «Адал достар» командасы,  Ақтоғай ауданы Шілікті НМ  «Жарқын болашақ» командасы мен Павлодар қаласы Ә.Бөкейханов атындағы ЖОМ «Серпін» командасы ие болды.

Айта кетейік, оқу жылы ішінде «Жас Ұлан» ББЖҰ-ның штабы «Ертіс өңірі – Адалдық алаңы» атты облыстық жобаны іске асырды.  Жоба балаларды ақпараттық-құқықтық біліммен қамтамасыз етуді, олардың өз құқықтары мен міндеттері туралы түсініктерін қалыптастыруды көздейді.