Павлодар облысында «Жыл мұғалімін» анықтау жалғасуда
Бүгін «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде «Жыл мұғалімі» облыстық байқауының екінші кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, «Жыл мұғалімі» облыстық байқауы 2023 жылдың ақпан-қыркүйек аралығында өткізілуде.
Байқау төрт кезеңнен тұрады: қатысушы ұсынған құжаттарды Е-портфолио арқылы бағалау, олимпиадалық тапсырмаларды шешу, ашық сабақ өткізу және портфолионы қорғау.
– Байқаудың 1-кезеңіне мамандандырылған мектептер мен аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпаздарынан барлығы 25 педагог қатысқан болатын. Бүгін олимпиадалық тапсырмаларды шешу кезеңі ұйымдастырылды, – деді басқармада.
2-кезеңде алдыңғы кезеңнің қорытындысы бойынша максималды ұпай жинаған 19 педагог сынға түсті.
Байқаудың қорытындысы және марапаттау рәсімі ұстаздар күніне арналған облыстық мереке аясында өтеді.
Фото: ашық дереккөздерден