Павлодарда мектеп оқушыларына «Аспаз күнін» ұйымдастырды

Іс-шара барысында оқушылар аспаз және тағам өндірісі технологы мамандықтарымен танысып, практикалық тәжірибе алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
11 маусым күні Павлодар технологиялық колледжінің базасында ұйымдастырылған «OpenSpace» кәсіби алаңы аясында «Аспаз күні» тақырыптық шарасы өтті. Іс-шараға қала мектептерінің 9-сынып оқушылары қатысты.
– Бұл күн тамақтану өнімдерінің технологы мен аспаз мамандықтарымен таныстыруға арналды. Оқушылар аспаздық сала мамандарының жұмыс ерекшелігімен, бұл кәсіптердің еңбек нарығындағы сұранысымен және колледж қабырғасында кәсіби білім алу мүмкіндіктерімен танысты. «Аспаз күні» қатысушылар үшін жаңа рөлді байқап көруге, өз қабілеттерін ашуға және болашақ мамандық туралы практикалық тұрғыда түсінік алуға мүмкіндік берді, – деді ұйымдастырушылар.
«OpenSpace» кәсіби алаңы 13 маусымға дейін жалғасады. Алда мейрамхана ісі, техникалық мамандықтар және сүт өнімдерін өндіруге арналған күндер өтеді.