Павлодар облысында жол қозғалысын бақылау нәтижелері белгілі болды
Мың жарымға жуық адам сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерінің шамамен 300 мың бұзушылығының жолы кесілген. Бұл ретте, жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтаудың автоматтандырылған жүйелері – стационарлық жылдамдық өлшегіштер АПК «Оракул», «Кибер-Шериф», «ZEREK-2» арқылы 134 мыңнан астам ұйғарым тіркелген.
– Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 1573 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 1424-і сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев.
Жол-техникалық инспекция қызметкерлері жалпы пайдаланымдағы автожолдарда 1650 тексеру жүргізіп, 30025 км жолды қамтыды. Нәтижесінде 4010 ақау анықталған. Автожолдарды қанағаттанарлықсыз күтіп-ұстағаны және жолдарда жұмыс жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін 395 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, 15 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Бүгінде Павлодар облысы полиция департаменті халыққа 34 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Өткен жылы әкімшілік полиция желісі бойынша 154 839 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 153 211 азамат жүгінген. Оның ішінде жүргізуші куәлігін беру – 20 365,көлік құралдарын сәйкестендіру нөмірі бойынша мемлекеттік тіркеу және есепке алу – 130 306, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің телнұсқасын беру – 2 540.