Павлодарлық сарбаз: Кейде халық менің туған күнімді атап өтіп жатқандай сезіледі
5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Наурыз Жәлел үшін Ұлыстың ұлы күні ерекше мереке, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, ол әкесі ұлының өмірі наурыз айындай қуанышқа, шаттыққа, мерекеге толы болсын деген ниетпен Наурыз деп қойғанын айтады.
– Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесін әсіресе, менің отбасым ерекше атап өтеді. Оның бір дәлелі – менің есімім. Ел дүркіретіп Наурыз тойын атап өтіп жатқанда өмірге шыр етіп келген маған осындай есім бұйырды. Әкемнің айтуынша, наурыз сөзі парсы тілінде «жаңа күн» мағынасын береді екен. Яғни, менің фәни есігін ашқан күнім де әулет күнтізбесінде жаңа күн болып саналады. Қыдыр ата ұялайтын, осындай уақытта өмірге келу – мен үшін зор бақыт. Жеке өз басыма менің есімім ұлы мерекемен астасып жатқандай көрінеді, – дейді Наурыз Жәлел.
Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт Наурыз деген атына қай уақытта болсын кір келтірмей жүруге тырысатынын айтады. Ұлттық ұлан қатарында жүргенде де қаруластарымнан бір табан ілгері болуды мақсат тұтады. Жауынгерлік әзірлігі сыналар тұста да жоғары нәтиже көрсетуге тырысады. Себебі барша түркі халқы сағына күтіп, тойлайтын киелі мерекені есіміне арту – абырой.
Айтуынша, жыл сайын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлайтын әулеттің қуанышы өзінің туған күнімен қосарласып, ұзаққа дейін жалғасады. Осылайша бір апта бойы отбасында ұлан-асыр той болады.
– Қыдыр ата келетін мейрам әркім үшін қастерлі һәм киелі. Жалпы, бұл ай мерекеге толы ғой. Айдың алғашқы аптасында бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен ардақты аналардың мерекесі болса, оның алдында Алғыс айту күнін ел болып атап өтеміз. Араға екі апта салмай Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін қарсы аламыз. Кейде айналам толы киіз үй тігіліп, ұлан-асыр той болып жатқанда мұқым халық жиналып менің туған күнімді атап өтіп жатқандай сезіледі, – дейді ол.
Сондықтан қатардағы жауынгер жақсылықтың жаршысы – Наурыз мерекесімен орайлас келетін туған күні зор қуаныш іспетті екенін айтады.