Павлодарлық жастармен кездескен Бас мүфти: Уәдеде тұру – асыл мінездердің бірі
Торайғыров атындағы университетке Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай Өтпенов келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Университеттің концерт залында өткен жиынға тек Торайғыров университетінің студенттері ғана емес, басқа оқу орындарының оқушылары да жиналды.
Бас мүфти кездесу барысында жастардың бойынан табылу керек бірнеше қасиетті атап өтті.
– Ең алдымен әр істі ихсан дәрежесінде орындау қажет. Ихсан – тақуалыққа тәрбиелейтін ілім. Екіншіден – уәдеге берік болу. Уәдеде тұру – мұсылман бойында болуы тиіс асыл мінездердің бірі. Үшіншіден – сөз жауапкершілігін түсіну. Шын мәнінде, адам баласы үшін тілден асқан дос, тілден асқан дұшпан жоқ. Адамды абыройға бөлейтін де, ұятқа қалдыратын да – тіл, – деп атап өтті Наурызбай Өтпенов.
Қазақстанның бас имамы бүгінгі таңдағы өзекті әрі проблемалы мәселелерді қозғап өтті.
– Жалқаулықпен күресу. Адам баласы бақытсыздыққа тап болса, оны жалқаулығынан табады. Жалқаулық – адам баласының қас жауы. Сонымен қатар, құмар ойыннан алыс болу. Асыл дініміз Исламда тыйым етілген істердің бірі – құмар ойнын ойнау. Құмар сөзі қасиетті Құранда «майсир» деп аталып, жеңіл жолмен мал дүние табу деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала жастарымызды жамандықтан аман еткей, – деп Наурызбай Өтпенов жастарды адал жолмен еңбек етуге шақырды.
Кездесу барысында студенттер елдің бас имамына өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Айта кету керек, діни басқарманың бас мүфтиі Достық үйінде өткен «Бижан» мешітінің 100 жылдығына арналған «Дін, мәдениет және ізгі қоғам» атты ғылыми конференцияға қатысты.