Павлодар облысында бір тәулікте 360 жол ережесін бұзу дерегі анықталды
Полиция мас күйінде көлік жүргізген бірнеше жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі мақсат – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
– Полицейлер әсіресе мас күйінде көлік басқару деректеріне ерекше назар аударуда. Соған қарамастан, өңірде мұндай фактілер әлі де тіркеліп жатыр, – делінген хабарламада.
Мәселен, Павлодар қаласында есірткілік мас күйінде «Nissan» автокөлігін басқарған жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ облыс орталығында «Lada-21901» жүргізушісі алкогольдік мас күйінде көлік айдағаны үшін тоқтатылды. Ақсу қаласында да «Toyota Aristo» көлігін мас күйінде басқарған тұрғын анықталды.
– Әрбір дерек медициналық куәландыру нәтижелерімен расталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік өндіріс қозғалып, материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды, – деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.
Полиция көлік құралын мас күйінде басқару жүргізуші куәлігінен айыруға және әкімшілік қамауға әкеп соғатынын ескертеді.