Аққулыда екі ауыл арасындағы тас жолдың құрылысы 2024 жылы аяқталады

Аққулыда екі ауыл арасындағы тас жолдың құрылысы 2024 жылы аяқталады
Фото: Константин Шелков

Ауыл аралығындағы жол 40 шақырымды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов мәлім етті. 

– Қара қала мен Қазы ауылдарының арасында жол жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Бұл жолдың 25 шақырымы салынып, биыл 7,5 шақырымына қаражат бөлінген болатын. Ал қалған 7,5 шақырымға келесі жылы қаражат бөлінеді, – дейді Руслан Мұқанов.  

Оның айтуынша, бүгінгі таңда екі ауылдың арасында жол салу жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталған. Бұл – «Аза» ЖШС. 

Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 28 киллометр аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізілетін болады, оның ішінде: Аққулы-Қазы-Майқарағай, Майқарағай-Шақа,  Қарақала-Қазы-Баймолдин бағытындағы жолдар жөнделді. Аудандық бюджеттен  Тілектес ауылына ұзындығы 0,8 киллометр кіре беріс жолға орташа жөндеу жүргізуге және Ысқақов көшесіне 0,3 киллометр ауылішілік жолды орташа жөндеуге 51,7 миллион теңге, Шақа ауылындағы Гагарин және Центральная көшелерінің ауылішілік жолдарын 1,1 киллометр орташа жөндеуге 43,3 миллион теңге бөлінді.

Айта кету керек, бұған дейін Қара қала мен Қазы ауылдарының арасында тек қиыршық тас төселген болатын. Қазы ауылы тұрғындарының тарапынан шағымдар түскен соң бұл учаскеде жөндеу басталған.