Мәжіліс депутаты: Павлодарлықтар салық төлеуге асық
Мәжіліс депутаттары жергілікті кәсіпкерлердің шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Мәжіліс депутаттарымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Жиын барысында мәжілісмендер халықпен кездесіп, кәсіпкерлердің шағымдарына жауап берді.
– Облыстың кәсіпкерлерімен кездесіп, шағымдарын тыңдадық. Бір қуантатыны – кәсіпкерлер салық төлегісі келеді және оны парыз деп біледі, – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Халық қалаулылары бірнеше күннен бері өңіріміздегі іссапарында тек кәсіпкерлермен ғана емес, басқа да шешілмеген мәселелері бар тұрғындармен кездескен.
– Кеше кеш болса да үйлері сүріліп жатқан тұрғындармен де кездестік. Оларға үйлері бұзылған жағдайдың өзінде жаңа үй берілетіні жайлы кепілдікті сұрау міндет екенін түсіндірдік. Бұл шағымдарды әкімдікке де жеткіздік, – дейді депутат Гаухар Танашева.
Спикердің айтуынша, әкімдік пен халықтың арасындағы жұмысты күшейту керек. Тұрғындарды апатты үйлерден шығарған жағдайда да қолдарына құжаттар табысталуы міндетті.
Баспасөз конференциясынан кейін Қазақстан Халық партиясы «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасындағы салық саясаты» атты дөңгелек үстел өткізді. Шараға партияның мүшелері, Мәжіліс депутаттары, кәсіпкерлер жиналып, салық саласындағы мәселелерді ортаға салды.
– Кәсіпкерлермен кездесу барысында бірнеше мәселені талқылап өттік. Мәселен, жаңадан кәсіп ашып, дамытқысы келген кәсіпкерлер бұрыннан бері жұмыс атқарып, кәсібін домалатқан бизнесмендермен бірдей сомада салық төлейтіні жайлы сөз қозғалды. Әрине, бұл кәсіпті жаңадан бастағандарға ауыр тиетіні сөзсіз. Бұл өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан бүгінгі көтеріліп отырған сұрақты қарастыруға тырысамыз, – дейді Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.
Шараның екінші бөлігі ашық микрафон түрінде өтті. Дөңгелек үстелге қатысушы кәсіпкерлерге салық саласына қатысты өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік беріліп, сұрақтарына мардымды жауап алды.