Түркияның орталық бөлігінде 4,3 балдық жер сілкінісі болды
Түркияның орталық бөлігінде орналасқан Кония провинциясында 4,3 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы осы елдің ТЖ залалын жою басқармасы (AFAD) хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат «Анадолу» агенттігіне сілтеме жасап.
Жерасты дүмпуі жұма күні 17:10-да тіркелген. Жер сілкінісінің кіндігі 7 км тереңдікте, ошағы Эрегли ауданында болған.
Конья әкімшілігінің Twitter-дегі парақшасында жарияланған мәліметке сай, зардап шеккендер жоқ, ғимараттар бүлінбеген.
Еске салайық, 20 ақпан күні Дефне ауданында болған 6,4 балдық жер сілкінісінен 6 адам қаза тауып, 562 тұрғын зардап шеккен болатын.
6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш аймағында болған жойқын зілзаладан мерт болғандар саны соңғы мәлімет бойынша 42 310 адамға жетті.