Павлодар облысында қылықты әрі көрікті қыздар анықталды
Жарыста 12 қатысушы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш іс-шара М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Аққу» жобасы аясында ұйымдастырылды. Кешке «Кәусар бұлақ» әжелер мектебінің мүшесі Майса Жарылғасина қонақ ретінде шақырылды.
Жиын қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеуге үйрету, оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту, көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуге, мейірімділікке тәрбиелеуге бағытталған.
– Бүгінгі іс-шара қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық сияқты жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білуге арналған. Мәселен, тыйым сөздер кезеңі қыздарды әдептілікке, момындыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуге себеп болады, – дейді «Аққу» облыстық жобасының үйлестірушісі Мая Темірболатова.
Оның айтуынша, аталмыш жоба ұлттық құндылықтарға ғана емес, сондай-ақ 12-17 жастағы балараға психологиялық, моральдік жағынан септігін тигізіп, адамгершілікке баулиды.
Байқауға Аққулы, Ертіс, Шарбақты, Баянауыл, Тереңкөл, Железин, Ақтоғай, Май аудандары мен қала мектептерінің оқушылары қатысты.
Жарыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші кезеңде өздерін таныстырды. Екінші кезеңде заманауи стильде қазақтың ұлттық киімімен сән үлгісін көрсетті. «Қызға қырық үйден тыю» атты үшінші кезеңде тыйым сөздердің мағынасын ашып, салт-дәстүр бойынша сұрақтар қойылды. Қорытынды кезеңде «Пайдалы лайфхак» бойынша тұрмыста қолданылатын тиімді әдістер туралы айтылды.
Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлде иегері Ақтоғай ауданы М.Қайрбаев атыңдағы ЖОББМ оқушысы Айзада Құрманғазы атанды. Бірінші орынды Ертіс ауданы, Абай ЖОББМ оқушысы Жанерке Арманқызы мен Баянауыл ауданы Лекер мектебінің оқушысы Гүлзат Қаптанай иеленді. Екінші орынға Аққулы ауданы Жабағылы ауылы Ақерке Балтабай, Шақат ЖОББМ оқушысы Аружан Ысқақова, Тереңкөл ауданы Береговое ЖОББМ оқушысы Айжан Байльдинова мен Май ауданы Ерсін Мұқашев атыңдағы ЖОББМ оқушысы Меруерт Болатова ие болды.
Жабағылы негізгі білім беру мектебінің 5-сынып оқушысы Ақерке Балтабай қажетсіз киім-кешектер мен бұлдардан күнделікті тұрмыста қолдануға болатын алаша дайындап көрсетті. Жетекшісі – Мендіғайын Сейсенбаева.
– Мен бұл байқауға алғаш рет қатыстым. Бұл сайысқа анаммен бірге шашқа тағатын шашбауды өзіміз жасадық. Біздің ауылда «Жаны жайсаң жеңгелер» клубы жұмыс істейді. Клубта бізге ұлттық қолөнерді үйретеді. Клуб мүшелері – Балжан Кішкентаева, Данагүл Аманжол, – дейді Ақерке.
Ал үшінші орынды №15 ЖОББМ оқушысы София Смышляева, Шарбақты ауданы А.Құнанбаев атындағы ЖОББМ оқушысы Жанеля Қанат пен Железин ауданы М.Дулатұлы атындағы №3 ЖОББМ оқушысы Камила Шапиева, №29 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Алина Мұқанова жеңіп алды.
Әділ қазылар алқасы жеңімпаздарды құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетейік, «Аққу» жобасы 12-17 жас аралығындағы қыздарды клуб үйірмелеріне шақырады. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтар арқылы балаларды тәрбиелеуге арналған клубта ұлдарға арналған «Мирас» жобасы бар.
Қазіргі таңда, «Аққу» жобасы облыс бойынша 352 мектепте ашылған. Онда 3961 қыз бала тәрбиеленеді. Алдағы уақытта «Мирас» клубы жылдық есеп өткізуді жоспарлап отыр.