Баянауылдық қолөнерші: Шашбау мен шекелікке сұраныс көп
Қызылтау ауылдық округі Лекер ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлназима Жүсіпбаева қолы бос уақытта құрақ құрап, түрлі зергерлік бұйымдар жасайды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Қолөнерші бүгінгі таңда ауыл клубында әдіскер болып қызмет етеді. Негізгі мамандығы – аудит тексерісі бойынша бухгалтер-экономист. Өз мамандығы бойынша біраз жылдар қызмет еткен. Алайда кейін жұмыс болмаған соң Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжде, Торайғыров университетінде музыка мамандығы бойынша білім алып, 2015 жылды ауыл клубына көркемдік жетекші болып орналасқан.
– Бұл өнер маған анамнан дарыған. Бала кезімде қолөнерге деген қызығушылық болатын. Бүгінде қолым қалт етсе, құрақ құрауға отырамын. Моншақтардан сөмкелер тігемін. Шашбау, алқа, сырға, белдік, белбеу, шолпы жасаймын. Соңғы кездері шашбау мен шекелікке, сырғаларға сұраныс көбейді. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттер, жастар тапсырыс береді, – дейді Гүлназима Жүсіпбаева.
Салтанатты жағдайларда ұшы бас киімнің бауына немесе самай шашқа бекітілетін «шекелік» деген әшекей бұйымы бірнеше бөліктерден тұрады. Оған тағылатын әшекейлер үзбелі болып келеді. Салмағы мен ұзындығы әртүрлі, кейде иықтан төмен түсіп тұрады. Көбінесе геометриялық пішіні біркелкі, бір-бірімен тіркескен жалпақша бөлшектерден жасалады. Сондай-ақ үшбұрышты, жүрекше, ромб, гүл жапырақшасы тәрізді құралып, шынжырмен немесе ілгекті жүзік тәрізді әдіспен байланысады.
Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей-бұйым. Әйел адамның шашының әр-ажарын аша түсетін, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын алтын, күміс тиындар, кейде маржан қадалған бауы болады. Жасалу, әшекейлеу әдістеріне қарай үзбелі шашбау, шашақты шашбау деп топтастырылады.
– Зергерлік бұйымдарды дайындау үшін көбінесе мельхиор материалын пайдаланамын. Мельхиордің механикалық қасиеттері, жылу және электрөткізгіштігі жоғары, жемірілуге, тотығуға өте төзімді. Құрақ-көрпе тігуге бір жұма кетеді. Себебі отбасы, бала-шаға бар. Кейде бір-екі күнде аяқтап тастаймын. Бұдан бөлек, сабын қайнатамын. Ұлттық тағамдар байқауларына қатысамын, – дейді Гүлназима Жүсіпбаева.
Қолөнершінің отбасы бес бала тәрбиелеп жеткізген. Үлкен ұлы – 22 жаста. Қыздары Павлодар педагогикалық университетінің төртінші курсында, Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің төртінші курсында білім алуда. Одан кейінгі ұлы 10-сыныпта, ең кіші ұлы 6-сыныпта оқиды.
Айта кетерлігі, Гүлназима Жүсіпбаева 2020 жылы қолөнерші, құрақшы, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада ұйымдастырған «Көрпе Fest» этнофестиваліне қатысып, сертификатқа ие болған.