Ақсуда музейге Қаныш Сәтбаевтың пальтосы қойылады
Биыл академиктің туғанына 125 жыл, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, 15 тамыз күні сағат 11:00-де Ақсу тарихи-өлкетану музейінде «Музейге осы жәдігерді тапсырам» атты акциясының шеңберінде ғалым-геолог, ғылым ұйымдастырушысы және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай музей қорына жеке затын тапсыру салтанаты өткізіледі.
Аталмыш іс-шарада Қ.Сәтбаевтың келіні Алтын қажының үйінде мұра болып сақталған пальтосы мен фото суреті жиен немересі Айгерім Бимағанбетованың ұсынысымен табыс етіледі.
Қаныш Сәтбаев Хамит ағасына Керге тас қыстағына жиі қымыз ішіп демалуға келіп тұрған екен. Сол уақытта Хамит ағасының тұңғыш ұлы Рашидтың мүшел жасына орай дастархан басында әңгімелесіп отырған кезде, Қаныш Сәтбаев өз пальтосын сыйға тартады. Бірақ Рашид пальтоны көп кимей, естелік ретінде сақтап қойған. Осы пальто мұра ретінде Рашидтың туған інісі Тұрсынға қалады. Рашид ағасы қайтыс болғандықтан, Тұрсынның інісінің жұбайы Алтын Қажы апаға «Қаныш ағаның көзі, ешкімге бермендер» деп аманат еткен.