Павлодар облысында қолайсыз ауа райында қанша жылыту пункті жұмыс істейді?
Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңір басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиында айтылды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтың мәлімдеуінше, қысқы кезеңге дайындық аясында облыста жалпы сыйымдылығы 15 873 адамды құрайтын 186 жылыту пункті әзірленген. Оларда 2 867 төсек-орын бар.
– Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс істейді. Ол республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жабу немесе қайта ашу туралы шешім қабылдайды. Бұл жұмысқа жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Павлодар облыстық филиалы, полиция, Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет» РМК және «ҚАЖсервис» ЖШС-нің Павлодар облыстық филиалы қатысады, – деді ол.
Қолайсыз ауа райы мен жолдардың жабылуы немесе қайта ашылуы туралы облыс тұрғындарына SMS-хабарламалар және Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми арналар арқылы ақпарат беріледі.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында қар басып қалу қаупі бар 94 жол учаскесі анықталған. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 852 шақырымды құрайды. Оларды күтіп-ұстауға 2,3 миллиард теңге бөлінген.