Кемеңгер ауылында сайлау отбасылық дәстүрге айналған
Атасы мен әжесі немересін ертіп, сайлау учаскесіне келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы кезінде Павлодар ауданының Кемеңгер ауылындағы №397 сайлау учаскесінде ерекше отбасылық дәстүрдің куәсі болдық. Еркебұлан есімді бала төрт жасынан бастап атасы мен әжесімен бірге сайлау учаскесіне барып жүр. Саяси науқан болатын күні ол қаладан арнайы ауылға келеді.

Төлеужан Жартыбаевтың отбасында сайлау учаскесіне бірге бару игі дәстүрге айналған. Отбасының үлкендері бұл дәстүрді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, балалардың бойына азаматтық жауапкершілік пен ел өміріне бейжай қарамау қасиетін сіңіруді көздейді.
Айта кетелік, №397 сайлау учаскесінде барлығы 1905 сайлаушы тіркелген. Олардың 14-і – биыл алғаш рет дауыс беретін жастар.
