Павлодарға Беларусь өндірісіндегі жаңа трамвайлар жеткізіледі
Қазақстанда жерүсті рельсті көлік жүйесі бар қалалар үшеу ғана. Ал трамвайлар астанасы саналатын Павлодар бұл мәртебесін депоны жаңғыртып, жылжымалы құрамды жаңарту арқылы нығайта түспек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2027 жылдың соңына дейін Павлодарда трамвай паркін толықтай дерлік жаңарту жоспарланып отыр. Осы уақыт аралығында облыс орталығына бұрын сатып алынған вагондарды есептемегенде, тағы 75 жаңа трамвай жеткізіледі.

Ескі вагондардың орнына жаңа трамвайлар
Трамвай басқармасының басшысы Мұслім Махмудовтың айтуынша, жыл басынан бері кәсіпорын он трамвай сатып алған. Жыл соңына дейін Беларусь өндірісінен шыққан тағы он вагон сатып алу жоспарланған.
Павлодарлықтар түрлі зауыттармен және жеткізушілермен келіссөздер жүргізіп, бірнеше нұсқаны қарастырған. Олардың қатарында бір данасының құны шамамен 600 миллион теңге болатын Қытай трамвайлары да бар. Теміртау қаласы осындай сегіз вагон сатып алған. Павлодар облысының әкімі тапсырғаннан кейін Мүслім Махмудов көршілес өңірге барып, олардың жұмыс тәжірибесін жеке өзі зерделеген. Ол барған кезде желіде қытайлық үш вагон ғана жүрген.
Ресейлік өндірушілер де өз ұсыныстарын жасаған. Мәскеу мен Санкт-Петербург зауыттары бір вагон үшін 800 миллион теңгеден сұраған.

Нәтижесінде бағасы мен сапасы жағынан Беларусь трамвайлары тиімді нұсқа ретінде таңдалған. Олардың бір вагонының құны – 380 миллион теңге. Жаңа трамвайлар еуропалық стандарттардан кем түспейді. Сонымен қатар, олар қозғалыс кезінде контакт желісінен қуат алатын кіріктірілген аккумуляторлармен жабдықталған.
Мүслім Махмудовтың айтуынша, жаңа вагондар жолаушылар мен жүргізушілерге қажетті жабдықтардың барлығымен қамтамасыз етілген. Салонда жылыту жүйесі, салқын әрі ыстық ауа беретін сплит-жүйе орнатылған. Есік ашылған кезде суық ауаның ішке енуін азайтатын жылу перделері де бар. Бұдан бөлек, трамвайларға айналаны 360 градусқа шолуға мүмкіндік беретін бейнекамералар қойылған.
Жаңа вагондардың маңызды ерекшеліктерінің бірі – автономды қозғалыс мүмкіндігі. Бұл тартқыш қосалқы станциясы өшіп қалған жағдайда да трамвайдың қозғалысын жалғастыруына мүмкіндік береді.
Басқарма басшысының сөзінше, депоға алғашқы вагон жеткізілген кезде оның аккумуляторы 96 пайызға дейін қуатталған. Кейін трамвай деподан шығып, Дачный шағын ауданына дейін барған. Сол жерде автономды режимде бұрылып, кері қайтқан. Қайтып келген кезде аккумулятор қуатының 78 пайызы сақталған.

Павлодардағы трамвай желісінің ұзындығы шамамен 90 шақырымды құрайды. Сондықтан автономды қозғалыс мүмкіндігі іс жүзінде маңызды рөл атқарады.
Бұл жүйенің тиімділігі жақында болған жағдайда да байқалған. Кернеуі 10 киловольт болатын жоғары вольтты кабель ажырап, желінің бір бөлігінде электр қуаты өшкен. Сол аумақта жүрген трамвай тоқтап қалмай, токқабылдағышын түсіріп, аккумулятор арқылы қозғалысын жалғастырған. Мамандар электр қуатын қалпына келтіргенше, вагон жолдың бір бөлігін жүріп үлгерген.
Жаңа трамвайлардың аккумуляторлары қажет болған кезде пайдалануға дайын болуы үшін автономды қозғалыс жүйесі үнемі тексеріліп тұрады.
Тағы 55 трамвай сатып алу жоспарланған
Жаңғыртудың келесі кезеңінде тағы 55 трамвай сатып алу көзделген. Кәсіпорын басшысының айтуынша, өнеркәсіпті дамыту қоры қажетті рәсімдерді жүргізуде. Ал он вагонды жеткізу бойынша қазақстандық «QazTehna» компаниясымен келісімшарт жасалған.

Осы партиядағы төрт вагонның құрастырылуы мен өндірісі аяқталуға жақын. Жоба аясында қазақстандық жинақтау бөлшектері мен құрастыру жұмыстары қарастырылған. Алайда трамвайлар толығымен нөлден бастап өндірілмейді. Вагондар шамамен 95 пайыз дайын күйінде жеткізіліп, соңғы құрастыру жұмыстары мен арбаларын орнату жергілікті жерде жүргізіледі.
«QazTehna» өндірістік алаңы Қарағанды қаласында орналасқан. Павлодарлық мамандар зауытқа барып, оның мүмкіндіктерімен танысқан.
Жаңа вагондар жеткізіле бастаған тұста ескі трамвайларды есептен шығаруға дайындық та қолға алынған. Жаңа он вагонның орнына техникалық жағдайына байланысты күрделі жөндеуді немесе есептен шығаруды қажет ететін он ескі трамвайды ауыстыру жоспарланып отыр. Олардың арасында 1981, 1982, 1986 және 1990 жылдары шығарылған вагондар бар.
Депо мен рельстер де жаңартылады
Жаңғырту жұмыстары тек жылжымалы құраммен шектелмейді. Трамвай депосы – вагондарға техникалық қызмет көрсетіліп, жөндеу жүргізілетін және олар сақталатын орын. Сондықтан кәсіпорында өндірістік ғимараттарды жаңарту жұмыстары да жүргізілуде.

Электр энергиясын үнемдеу және қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау мақсатында ғимараттарға табиғи жарық түсіретін жарық шамдары орнатылған. Мұслім Махмудовтың айтуынша, күн бұлтты болғанның өзінде депо іші жеткілікті жарық болады. Сондықтан күндіз бөлмелердегі электр шамдарын қосудың қажеті жоқ.
Жылжымалы құрам жаңартылғаннан кейінгі маңызды бағыттардың бірі – рельс жолдарын жаңғырту. Трамвай басқармасының басшысы жаңа вагондармен қатар рельстерді де қайта жаңарту қажеттігін атап өтті.
Қалада шамамен 50 қиылыс толық жөндеуден өткен. Биыл және келесі жылы қалған бес теміржол өткелін жөндеу жоспарланған.
Жаяу жүргіншілер өткелдеріне де ерекше назар аударылып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін оларды мүгедектер арбасындағы адамдар мен балалар арбасын пайдаланатын ата-аналарға ыңғайлы ету көзделген. Жалпы, шамамен 40 жаяу жүргіншілер өткелін жөндеу жоспарланып отыр.
Мәшһүр Жүсіп пен Торайғыров көшелерінің қиылысындағы, сондай-ақ Лермонтов көшесіндегі кейбір аялдамаларды ауыстыру мәселелері жол полициясы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық өкілдерімен бірлесіп талқыланған.
Егер аялдама жолдың арғы бетіне көшірілсе, жолаушылардың қауіпсіз өтуі үшін арнайы аралша қарастырылуы қажет. Алайда мұндай өзгеріс жолдың жүру бөлігін тарылтуы мүмкін. Сондықтан кейбір мәселелер бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Жаңа жүргізушілерді даярлау жұмыстары да жалғасуда
Кәсіпорында кадр даярлау мәселесіне де көңіл бөлінеді. Болашақ трамвай жүргізушілері осында арнайы оқудан өтеді. Әдетте бір оқу тобына 15–20 адам қабылданады. Олардың шамамен оны трамвай жүргізушісі болып жұмысқа кіріседі, алайда кейін олардың жартысына жуығы ғана қызметін жалғастырады.

Мүслім Махмудовтың айтуынша, оқудан шығу әртүрлі кезеңде болады. Бастапқыда көп адам жүргізуші болуға қызығушылық танытқанымен, теориялық дайындық, оқу-жаттығу жүргізу және тағылымдама барысында кейбірі бұл жұмыстың өздеріне сәйкес келмейтінін түсінеді.
Біреулер көлік жүргізуден қорықса, енді біреулер бұл мамандықтың өзіне арналмағанын ұғынады. Нәтижесінде жұмысты шынымен ұнататын және оны жалғастыруға дайын адамдар ғана қалады. Мұндай жағдай кәсіби мамандарды даярлаудың көптеген саласына тән.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Павлодардағы трамвай желісін сақтап қалу мәселесіне назар аударған болатын. Мемлекет басшысы көлік паркі мен рельс жолдарын жаңғыртуды тапсырған.