Павлодарлықтар елдегі орташа көрсеткіштен көбірек балық жейді
Өңірде бір тұрғын үш айда орта есеппен 3,8 келі балық пен теңіз өнімдерін тұтынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан бойынша бір адам орта есеппен 3,6 келі балық пен теңіз өнімдерін тұтынған. Павлодар облысында бұл көрсеткіш 3,8 келіні құрады.
Ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында тіркелген – 5,8 келі. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары орта есеппен 5,4 келі, Ақмола облысында 4,8 келі балық пен теңіз өнімдерін тұтынған.
Ал балықты ең аз тұтынатын өңір – Шымкент. Мұнда бір адамға үш айда небәрі 1,8 келіден келген. Маңғыстау облысында көрсеткіш 2,5 келі, Ұлытау облысында 2,7 келі болды.
Жалпы ел бойынша тұтыну көлемі былтырғыдан аздап өскен. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бір адамға 3,54 келіден келсе, биыл 3,57 келіге жетті.
Қазақстандықтар көбіне жаңа немесе салқындатылған балықты таңдайды. Бірінші тоқсанда оның тұтыну көлемі жан басына шаққанда 2,13 келіні құрады. Мұздатылған балық – 0,52 келі, майшабақ – 0,41 келі.
Сонымен қатар Павлодар облысында балық пен теңіз өнімдерінің бағасы өскен. 2026 жылғы тамызда олардың құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға қымбаттады. Бұл елдегі орташа өсімнен айтарлықтай төмен: Қазақстан бойынша баға бір жылда 12,3 пайызға көтерілген.
Баға әсіресе Жетісу облысында – 24,5 пайызға, Ұлытау облысында – 22,6 пайызға, Шымкентте 22,4 пайызға өскен.
Өнім түрлері арасында ысталған скумбрия айтарлықтай қымбаттап, бағасы бір жылда 29,9 пайызға көтерілген. Қызыл және қара уылдырық 22,7 пайызға, балық өнімдері 19,2 пайызға қымбаттады.