Павлодардың үздік отбасылары марапатқа ие болды

«Мерейлі отбасы» байқауына барлығы 60 отбасы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева атап өткендей, жыл сайынғы байқау 12-ші рет, бірақ жаңартылған форматта алғаш рет өткізіліп отыр. Ерекшелігі – ақшалай ынталандыруда. Қорытынды салтанатты түрде «Ertis Promenade» сахнасында шығарылды. Ұйымдастырушылар «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігі болды.
- Ақтық кезеңге 15 үздік отбасы таңдалды – барлығына алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді, ал жеңімпаз 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болады. Мұндай қаржылық қолдау алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, жеңімпаз отбасы дәстүрлі түрде күзде өтетін облыстық кезеңге жолдама алады, – деп түсіндірді Светлана Гладышева.
Үкіметтік емес ұйымдар, қалалық ішкі саясат бөлімі мен қаланың құрметті азаматтарынан құралған қазылар алқасы «Мерейлі отбасы» байқауының павлодарлық кезеңінің жеңімпазы ретінде Кәрібаевтар отбасын таңдады. Екінші және үшінші орындар тиісінше Әлпеш пен Кучуковтар отбасыларына бұйырды.
Барлық финалист жанұялар сый-құрметке бөленді. Жүлдегер атанбадық деп Мұстафиндер де еш ренжіген жоқ: олар спорттық дәстүрлері берік, азаматтық ұстанымы белсенді отбасы ретінде аталды.
– Отбасымызбен барлық жарыстарға қатысуға тырысамыз. Мен өзім топ модельдер байқауына қатыстым, ұлым футбол ойнайды. Біз оны бұл жағынан жан-жақты қолдаймыз. Бірге уақыт өткізгенді, серуендегенді, кешке бас қосып, жоспарларды талқылағанды, жаңалықтармен бөліскенді жақсы көреміз, - дейді отанасы Айгерім Мұстафина.
Ол өзара сыйластық пен сүйіспеншілік, жылы шырай мен қолдау бақытты отбасының кепілі екеніне сенімді. Бұл «Нұр-Ана әлемі» ҚБ төрайымы Бақытжамал Максилованың да «Ertis Promenade» сахнасында айтқан тілегі болды. Ол әр шаңыраққа бақ-береке, Қазақстанға тыныштық пен береке тіледі.