Павлодар облысында үш мың тұрғын қаржы пирамидасының құрбаны болған
Олар шамамен 1,5 миллиард теңге жоғалтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ербол Кәрімов мәлім етті.
– Биыл Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті «Нas Holding» және «Q-net»-ке қатысты екі қылмыстық істі тергеді. Қазіргі уақытта бұл қаржы пирамидалары толығымен жойылды және олардың ісі сотқа жіберілу кезеңінде тұр, – дейді Ербол Кәрімов.
Спикердің айтуынша «Нas Holding» қаржы пирамидасына шамамен 3 мыңға жуық облыс тұрғыны өз ақшаларын салған. Ал шығын көлемі шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды. Ал «Q-net» қаржы пирамидасына тұрғындар 28 миллион теңгеге жуық қаржы құйған.
Бүгінгі таңда бұл екі қаржы пирамидасы бойынша іс қозғалып, сотта қаралуда. Әзірге салынған қаржы қайтарылмаған.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбековтың айтуынша, өткен жылға қарағанда тұрғындарды алдаған жалған кәсіпорындардың саны екі есеге артқан.
– Биылғы жылы облысымызда қаржы пирамидасының саны екі есеге артты. Өткен жылы біреу болса, биыл олардың саны екіге жетті, – дейді спикер.
Айта кету керек, қаржы пирамидаларының 7 түрі ең көп таралған: матрица-пирамида, желілік маркетинг, инвестициялық компания, тұтыну кооперативі, мессенджердегі чат, микроқаржы ұйымдары, қызығушылық клубтары. Осы тәсілмен алаяқтар тұрғындарды қызықтырып, қомақты қаржы салуға итермелеп, артынан таныс, достарын тартуға итермелейді.