Павлодар облысында сирек жапалақтың мекені анықталды

Павлодар облысында сирек жапалақтың мекені анықталды
Фото: Нұрлан Қарашашев

Елде үшінші рет фототұзаққа түскен құс енді ғылыми тұрғыда зерттелмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында сақалды жапалақ алғаш рет фотоаппарат объективіне ілікті. Бұл – Қазақстанда аталған қанаттының үшінші рет көзге көрінуі. Мамандар оның нақты санын анықтап, келесі жылы мекендеу ортасы мен тіршілік ерекшеліктерін зерделеуді жоспарлап отыр.

Сақалды жапалақ – түнгі тіршілікке бейімделген, табиғатта сирек ұшырасатын құс. Оның резерват аумағынан анықталуы өңірдегі орнитологиялық зерттеулер үшін маңызды жаңалық саналады.

Қазақстанда бұл түрдің алғашқы фототіркелуі 2009 жылы Қатонқарағай ұлттық паркінде жүзеге асқан. Ал кейінгі дерек 2015 жылғы 10 қазанда Солтүстік Қазақстанда тіркелді. Бұған дейінгі ғылыми әдебиеттерде 1987 жылғы 27 тамызда ұя маңында үш балапаннан тұратын топтың байқалғаны туралы мәлімет бар.

– Қазіргі уақытта резерват аумағындағы сақалды жапалақтардың нақты саны белгісіз. Алғашқы бақылауларға сүйенсек, мұнда бір-екі жұп кездесуі ықтимал. Оның осы уақытқа дейін назарға ілікпеуінің бір себебі – Павлодар облысында орнитологиялық зерттеулердің жеткіліксіз жүргізілуі. Бұған қоса, бұл қанатты түнде белсенді болғандықтан, табиғи ортада байқау қиын, – деді резерваттың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қанат Егембердиев.

Маманның сөзінше, биыл резерват аумағында бұған дейін ғылыми есепке алынбаған құстардың 50 түрі анықталған. Сақалды жапалақ – солардың ішіндегі ерекше назар аударуды қажет ететін құстардың бірі.

Бұл түр негізінен ескі ағаштары сақталған, табиғи құрылымы бұзылмаған орман алқаптарын мекендейді. Ұя салу үшін көбіне биік ағаштардағы басқа ірі қанаттылардың бұрынғы ұяларын пайдаланады. Әдетте үш-бес жұмыртқа басады.

– Алғашқы бақылау барысында сақалды жапалақтың күндіз де қоректенуге шығатыны байқалды. Сондай-ақ оның аң аулау тәсілі кезқұйрық жапалақтан өзгеше. Келесі жылы құс тіркелген аумақты тұрақты бақылауға алып, қозғалыс бағытын, мекендеу радиусын, қоректену ерекшеліктері мен тәуліктік белсенділігін зерттеуді көздеп отырмыз. Бұл оның ұя салатын орнын анықтауға да мүмкіндік береді, – деді Қанат Егембердиев.

Сирек қанаттының тіршілігіне орман өрттері де елеулі қауіп төндіреді. Жалын салдарынан оның мекендеу ортасы, қорек қоры мен ұя салуға қолайлы ағаштар жойылуы мүмкін. Сондықтан алдағы ғылыми жұмыстарда фототұзақтар орнату, визуалды бақылау және құстардың дауысын тіркеу әдістері қолданылады.

Сақалды жапалақтың табылуы орнитологтар мен табиғат жанашырларының да қызығушылығын оятқан. Тек биылдың өзінде оны табиғи ортасында көру үшін төрт маман мен табиғат әуесқойы арнайы келген.

Қазір резерват қызметкерлері қанатты тіршілік иесі анықталған аумақты ерекше бақылауға алуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында жануарлар дүниесінің барлық түрін аулауға заңмен тыйым салынған.