Екібастұзда алты кәсіпкерге артық төленген салық қайтарылды
Заң бұзушылықты прокуратура анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қала прокуратурасы алты кәсіпкерге қатысты бұзушылықтарды анықтап, оларға 4,4 миллион теңге артық төленген салықты қайтарып берді. Қадағалау органы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді.
Мүліктің баланс ұстаушысы – қала әкімдігі коммуналдық меншік объектілерін сенімгерлік басқару шартындағы үлгі қағидалардың талаптарын бұза отырып, салық төлемдерін төлеу жөніндегі міндеттемелерді кәсіпкерлерге аударғаны белгілі болды. Нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісі бойынша алты кәсіпкердің құқықтары қорғалды және оның ішінде қосымша келісімдер жасасу арқылы 4,4 миллион теңгеге артық төленген салықтар қайтарылды.
– «Атамекен» өңірлік палатасы мен прокуратура арасындағы мұндай өзара іс-қимылы бұрыннан жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. ӨКП жанында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис жұмыс істейді. Мұның барлығы бизнесте туындайтын сұрақтарға уақытында жауап беруге мүмкіндік береді, – дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.