Павлодарлық спортшылар «Алтын тұғыр-2023» марапатын алды
Ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі Астана қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің хабарлауынша, оныншы рет өткен «Алтын тұғыр-2023» марапатту рәсімін Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған. Салтанатты іс-шарада ел ішінде, халықаралық жарыстарда топ жарған спортшыларға құрмет көрсетілді.
Марапаттау рәсімінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов сөз сөйлеп, жеңімпаздарға ұлттық сыйлықты табыс етті.
«Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы «Көкпар», «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегі» және «JORYQ» сынды 10 аталым бойынша үздік спорт саңлақтарына берілді.
– «Тоғызқұмалақ» аталымы бойынша үздік спортшы сыйлығы бірнеше дүркін Азия чемпионы, Павлодар облысының ЖСШМ спортшысы Жанат Каймулдинге және тоғызқұмалақ бойынша үздік жаттықтырушы Арыстан Капаевқа табысталды, – дейді спорт мектебінде.
Арыстан Капаев осыған дейін төрт мәрте «Үздік жаттықтырушы» атағын алса, Жанат Каймулдин бұл аталымға екінші мәрте ие болды.
Еске сала кетейік, облысымыздың асықшылары да «Алтын тұғыр-2023» марапатына ие болды.