Павлодар облысы өрт саны бойынша көш бастап тұр
Өңірде өрт қауіпті кезеңі әлі де сақталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті.
– Былтыр өрт қауіпті кезеңі қараша айына дейін жалғасқан. Ауа райының климаттық жағдайы жылдан-жылға күрделене түсуде. Республика бойынша біздің облысымыз өрт жағдайлары бойынша көш бастап тұр, ал өрттің аумағы бойынша болжамды түрде тоғызыншы орындамыз, – деді спикер.
Оның сөзінше, ормандағы өрт көбінесе далалық аумақтан көшіп келеді.
– Бұл дегеніміз жергілікті атқарушы биліктің уақытылы әрекет етпеуінен және ауылдық округтердегі өрт сөндіру бекеттерінде, ерікті құрамалардың әлсіз материалдық техникалық жарақтандыруынан болады, – деп түсіндірді Руслан Төлепбаев.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарденовтың сөзінше, өрт қауіпті кезеңінің басынан бері 200 орман, үш дала өрті және 146 жану тіркелді. Былтырғымен салыстырғанда орман өрті 69%, дала өрті 100% өсті. Тілсіз жау шалған аумақтың жалпы көлемі 12 мың гектардан асып түседі, ал шығыны 200 миллион теңгеден астам соманы құрайды.
– Мысалы, 15 шілдеде ең ірі болған өрттің бірі Ертіс орманы резерваты аумағында Шалдай филиалында тіркелген. Өртті жоюға алты күннен астам уақыт кетті, – деді Қайрат Шаймарденов. – Өрттің жалпы аумағы 850 гектар құрайды. Тікелей залалдың шығыны 14 миллион теңгеден асады. Материалдар Шарбақты аудандық полицияға жіберілді.
Сондай-ақ, ТЖД қызметкерлері Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде де ауқымды өртті сөндіруге де атсалысқан еді.
– Жетінші шілдеде Долбы орманшылығында шыққан өрт резонанстық сипатқа ие болды. Ол жерде орманмен қамтылмаған аумақта шамамен 500 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді, – деді спикер.
Аталған жағдай бойынша да материалдар Баянауыл ауданының полиция бөліміне жіберілді.