Павлодар облысында үздік тауар өндірушілер елдік додаға іріктелді
Өңір намысын қорғайтын кәсіпорындар белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауы өтті. Оған облыстың 75 кәсіпорны қатысып, жергілікті өндірістің әлеуетін таныстырды.
Жыл сайынғы өткізілетін байқау қорытындысы бойынша өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Олар Астанада өтетін республикалық дода да шаһардың намысын қорғайды. Сонымен қатар, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінің облыстық финалына топ-10 өндіруші іріктелді.
«Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауының облыстық кезеңі қорытындысы бойынша үш аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында бірінші орынды «KSP Steel», екінші орын «ArInvest energy», үшінші орын «United Machinery Resources» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілді.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша үздіктер қатарынан «ТАВИ Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Битнер А.В. жеке кәсіпкері және Асем CALLISTO жеке кәсіпкері танылды.
Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «КЭММИ GROUP», «Smak-PV» және «ЭкоДом-Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанды.
Аталмыш жобаның жеңімпаздары бес миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға үміткер болып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бір жылдық сүйемелдеу қолдауына ие болады. Ал «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауында үш санат бойынша тоғыз жеңімпаз республикалық кезеңнің лауреаты атанады.

Жиынға ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов павлодарлық кәсіпкерлердің өнімдері жоғары бағаланатынын атап өтті.
– Бүгін жеңімпаз атанған кәсіпорындар Павлодар облысының кәсіпкерлерінің атынан республикалық деңгейде өңірдің намысын қорғайтын болады. Бұл көрме жаңа серіктестер тауып, тәжірибе алмасуға және бизнесті дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмыспен қамту, сервистік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігі мәселелері департаментінің басшысы Гүлия Жүнісованың айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы үш жылдан бері экономика министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жоба аясында еліміздің 198 финалистімен жұмыс жүргізілген.
– Бұл жобаның мақсаты – жергілікті шикізаттан жасалған, дәстүрімізді дәріптейтін әрі экологиялық таза өнімдерді анықтау. Оларды ішкі және сыртқы нарыққа шығару, – деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, жоба аясында еліміздің 20 өңірі араланған. Сонымен қатар, ол павлодарлықтардың көрме қонақтарын ерекше ықыласпен қарсы алғанын атап өтіп, өңір тұрғындарына алғысын білдірді.
Іс-шара отандық өндірушілердің өнімдерін таныстыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, жаңа серіктестер тауып, өнімдерін кеңінен насихаттау мүмкіндігіне ие болды.