Павлодар облысында бензинге қатысты дүрлігу жоқ
Өңірде жанар-жағармай материалдарының заңсыз сыртқа шығарылуына қарсы бақылау күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Тусетаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, кеден органдары қызметінің басым бағыттарының бірі – тыйымдар мен шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету. Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының 27-тобына жататын мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынған. Бұл шектеу әр алты ай сайын ұзартылып отырады. Қазіргі таңда бензин мен дизель отынын экспорттауға қойылған тыйымды 2027 жылдың мамырына дейін ұзарту мәселесі қарастырылуда.
– Шекара арқылы жанармайдың заңсыз әкетілуіне жол бермеу үшін бірқатар қосымша шектеулер енгізілді. Енді бір автокөлік мемлекеттік шекараны тәулігіне бір рет қана кесіп өте алады. Бұл талап Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттеріне бірдей қолданылады. Сонымен қатар, автокөлікпен жанармайды тек зауыт өндірушісі қарастырған штаттық бакта ғана алып өтуге рұқсат етіледі. Қосымша орнатылған бактармен немесе канистрлер сияқты өзге сыйымдылықтармен бензин мен дизель отынын алып шығуға тыйым салынған, – деді басқарма басшысы.
Шекара маңындағы аудандарда мобильді топтар тәулік бойы кезекшілік атқарып, автокөліктер мен цистерналарды тексеруде. Ай басынан бері еліміздің барлық шекаралық өткізу бекеттерінде бақылау күшейтіліп, жанар-жағармайды заңсыз алып шығудың 100-ден астам әрекетінің жолы кесілген. Тәркіленген жанармайдың жалпы көлемі шамамен төрт мың литрді құрады. Оның ішінде 1,5 мың литрі – бензин, 2,5 мың литрі – дизель отыны. Соңғы бір тәуліктің өзінде канистрлермен жанармайды алып шығуға әрекеттенген жеті дерек тіркелген. Мамандардың айтуынша, тәртіп бұзушылардың басым бөлігі – Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінен келген азаматтар.
Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдары жанармай құю станцияларына да тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Бақылау тек шекара маңындағы емес, өңірдегі барлық жанармай құю бекеттерін қамтиды. Мамандар жанармай сатылымының көлемін саралап, күмәнді немесе қалыптан тыс көрсеткіштерді бақылауда ұстап отыр.
Тілектес Тусетаевтың айтуынша, әзірге жанармай тұтынуының немесе сатылымының күрт өскені анықталмаған. Мысалы, бір мезетте 10 мың литр жанармай құю немесе белгілі бір бекетте тәуліктік сатылымның бірнеше есе артуы сияқты аномалды жағдайлар тіркелмеген. Қазіргі таңда негізгі назар бензинді заңсыз алып шығуға әрекеттенетін тұлғаларды анықтап, олардың жолын кесуге бағытталған. Мұндай құқық бұзушылықтарға көбіне жеке тұлғалар барады.