Павлодар облысының қолөнер шеберлері өнерге шектеу жоғын дәлелдеді
Экспозицияға мүмкіндігі шектеулі жандардың картиналары, суреттері, қолөнер бұйымдары және басқа да шығармашылық жұмыстары қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауқымды шара Шарбақты ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аудандық орталық кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Көрменің басты мақсаты – әр адам өз қабілетін танытып, талантын ортаға салып, шығармашылық қызығушылығы туралы әңгімелей алатын орта қалыптастыруды көздейді.
Көрмеде А.Абдуназарова, Д.Еременко, Л.Граф және О.Костюкова авторлығындағы жұмыстар ұсынылды. Экспозициядан суреттер мен картиналардан бөлек, кестеленген және тоқылған бұйымдарды, түрлі қолөнер туындыларын және өзге де қолдан жасалған ерекше туындыларды көруге болады.
Авторлар үшін шығармашылық – өз сезімдерін, көзқарастарын және қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын білдірудің бір тәсілі. Көрмеге қатысушылардың әрқайсысы қонақтарға өзінің хоббиі, шығармашылық жолы және көрмеге қойылған жұмыстары туралы айтып, болашаққа жоспарларымен бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілеттерін ашуға, олардың бастамаларын қолдауға, қарым-қатынас жасауына және өзін-өзі дамытуына мүмкіндік береді.
Бағдарламаның тағы бір бөлігі аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әзірлеген музыкалық қойылымына арналды. Өнерпаздардың өнері көрмеге жылы атмосфера сыйлап, қатысушылар мен қонақтарға жағымды көңіл күй тарту етті.
Көрермендер ұйымдастырушылар мен көрмеге қойылған жұмыстардың авторларына олардың шығармашылығымен танысып, жаңа әсер алу мүмкіндігін сыйлағаны үшін алғыс білдірді.