Павлодар облысының қолөнершілері ұршық иіруден сайысқа түсті

Павлодар облысының қолөнершілері ұршық иіруден сайысқа түсті
Фото: автор

Үздік атанғандар ақшалай сыйлықпен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Наурыз мерекесінің қарсаңында Ertis музейінде тұңғыш рет «Ұршық FEST» фестивалі өткізілді. Шарада Павлодар облысының қала мен аудандарынан келген 35 ақ жаулықты шебер  әжелер мен қыз-келіншектер ұршық иіруден өзара бақ сынасты. Олар өздерімен бірге ұршық пен жүнді алып келуге тиіс еді. Сайыстың шарттары бойынша қолөнершілер жүнді 15 минут ішінде сапалы етіп, тиісті қалыңдығы мен ұзындығы бойынша иіріп беру керек болды. 

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысының орынбасары Гүлнар Нұрахметованың сөзінше, қатысушылар бір айдан астам уақыт дайындалған. 

– Байқауға 18 жастан 75 жасқа дейінгі қолөнершілер қатысуға жіберлді. Ең жас ұршықшы – 22-25 жаста, ал үлкені 75-те,– деді Гүлнар Нұрахметова.– Қолөнершілер фестивалінің негізгі мақсаты – жасөспірім қыздардың қызығушылығын оятып, ұмыт болған дәстүрді жаңғырту. 

Фестиваль аясында қатысушылардың жұмыстарынан көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Әр қолөнерші өз бұйымын көрсетіп, материалмен қалай дұрыс жасау керектігін баяндап берді. «Жас шебер» номинациясында жеңімпаз атанған №46 мектептің көркем еңбек мұғалімі Дина Ержанова байқау туралы білген кезде, бірден қатысуға бел буған. 

– Ауылда өткен біздің балалық шағымызда ешқандай ғаламтор болмады. Біздің бос уақытымыз көп болды. Сол кезден бастап қолөнерге бейім болдық. Ұршық иіруді анамнан үйрендім. Алайда, қазір уақыттың ағымына байланысты ұршықты жиі иіре қоймаймын. Бірақ та осы фестивальдің өтетінін білген кезде қатты қуандым, өйткені дағдыларымды есіме алуға үлкен мүмкіндік туды,– деді Дина Ержанова.

Дина иірілген жіптен көптеген бұйымдар жасайды. Ең қарапайымы шұлықтан бастап, қолғап, бас киім, кеудешеге дейін түрлі заттарды тоқып, істейді. 

– Кез келген нәрсені тігіп, тоқуға болады. Өзім тоқыған кезде жақындарыма дайын жұмыстарды сыйлағанды жақсы көремін. Анам салқын күндері үнемі қойдың ақ жүнінен киім тігіп беретін. Бала күнгі естелік ретінде ақ жүнмен жұмыс істегенді ұнатамын,– деп атап өтті қолөнерші. 

Оның сөзінше, ұршық иірудегі ең қиыны – жүн табу. 

– Бұрын ысырап деген нәрсеге көп көңіл бөлінді, жүнді керек нәрсеге жараттық. Қазіргі уақытта қырқып алған жүнді керексіз қылады. Сондықтан жүнді тауып, өңдеп, жуып, түту қиынға соғады. Ары қарай жіпті иірген кезде жеңіл болады,– дейді Дина Ержанова.

Ал алғашқы ұршығын төрт жасында ұстаған Павлодар ауданының Мичурин ауылының тұрғыны Күріш Қани сайысқа көбісі қолдана бермейтін түйе жүнін алып келді. 

– Түйенің жібінен сырмақ тігуге болады. Басқа жіптердің барлығын иіріп көрсетіп жатыр, ал сырмаққа тігетін жіпті ешкім көрсете білмейді, ол ұмыт болған дүние,– деді апа. –Осындай шаралар жастарға үлгі болсын, тіпті керек нәрсе деп ойлаймын. Ары қарай ұрпаққа жалғасын табады деген сенімдемін.

75 жасқа келген Күріш Қани бүгінде он баланы тәрбиелеп отыр. Ол бала-шағасына өзінің білгенін үйретіп жүр. 

– Бала кезімде анамның біз кестені тігіп отырғанын көріп өстім. Төрт жасымда тұңғыш рет ұршықты ұстап, жіп иіре бастадым. Қазір балаларым да ұршық иіруді біледі. Ол кісінің еңбегін жалғастырып келеміз,– деді Күріш Қани.

Оның сөзінше, әндетіп, ұршықты иірген кезде көңілің көтеріліп, ерекше көңіл- күйге бөленесің.

– Ұршықтың бір ерекшелігі– қандай да бір ойда отырсаң, әніңді айтып, ешбір күйзеліске кірмейсің. Иіре берсең ішкен асыңды да қоясың, барлық ойың бөлініп, осы ұршықта ғана қалады,–деп атап өтті Күріш Қани.

Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Тереңкөл ауданынан келген Зухра Әубәкір иеленді. Оған 100 мың теңге берілді. Екінші орынды екібастұздық қолөнерші Сара Сансызбай алды. Үшінші орын Павлодар ауданының тұрғыны Сәулет Ғибағатқа бұйырды. 

Айта кетейік, ұршық иіру – қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Қазақстан аумағында ұршықты шаруашылық мақсатында пайдалану неолит заманынан басталған. Бұған дәлел, қола дәуіріне тән археологиялық қазбалардан қыштан құйылған ұршық қалдықтары көптеп табылған. Тарихи уақыт бойы дамып, жетілдірілген халық қолөнері бүгінде өзінің бірегейлігі мен өзіндік ерекшелігін жоғалтпайды.

Фото: автор мен Әділ Рүстемов