Павлодарлық білім беру ұйымдарында терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізіледі
Бұл жұмыстарды облыстық полиция төтенше жағдай департаментімен бірлесіп ұйымдастырмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
18 мамыр күні өткізілетін бұл шараға облыстың барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептердің оқушылары, педагогтар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысады.
Оқу-жаттығу аясында қызметкерлер мен оқушыларды эвакуациялау, техникалық құралдардың, күзет ұйымдарының жедел жұмыс істеуін тексеретін болады.
– Мұндай оқу-жаттығулардың басты мақсаттарының бірі - төтенше жағдай немесе лаңкестік әрекет кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Студенттер мен тәрбиешілерді эвакуациялау процедуралары мен олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесетін әрекеттерге үйрету керек, – дейді облыстық білім басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмахан.
Сондай-ақ 15 мамырда полиция және ТЖ органдары қызметкерлерінің қатысуымен облыс мектептерінің барлық директорларына нұсқама өткізіледі. Оқу-жаттығу қорытындылары туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.