Павлодарлық жас суретшілер республикалық байқауда топ жарды
«Туған жер» тақырыбындағы конкурсқа 11-16 жас аралығындағы жас суретшілер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Республикалық көркемсурет байқауын ЮНЕСКО клубтары Қазақстан Ұлттық Федерациясының қолдауымен Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы балалар өнер мектебі - ЮНЕСКО клубы ұйымдастырды.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына арналған «Қылқалам сырлары» республикалық сурет конкурсына Павлодар қаласының балалар көркемсурет мектебінің 14 оқушысы қатысты.
– Жарысқа 11-12 жас, 13-14 жас, 15-16 жас аралығындағы жас суретшілер қатысты, – деді білім беру бөлімінде. – Байқау қорытындысы бойынша төрт павлодарлық қатысушы жүлделі орындарға ие болды.
Бірінші орынға гуашь бояуынан жасалған «Күзгі аула» жұмысы үшін 15 жасар Дарина Абдулкаюмова ие болса, екінші орынды аралас техника бойынша «Күнге жол» суреті бойынша 13 жасар Саида Асанова мен гуашь техникасы бойынша «Ескі үй» суреті бойынша 15 жастағы Айсана Ашықова иеленді. Үшінші орынды гуашь техникасында 16 жасар Виктория Белюсенко жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.