Павлодарлық университет Қытай елімен ынтымақтастықты нығайтуда

Павлодарлық университет Қытай елімен ынтымақтастықты нығайтуда
Фото: Инновациялық Еуразия университетінің инстаграм парақшасы

Инновациялық Еуразия университеті мен ИнЕУ Жоғары колледжіне Қытай Халық Республикасынан ресми сапармен делегация келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ИнЕУ Консорциумының құрамына кіретін Инновациялық Еуразия университеті мен ИнЕУ Жоғары колледжі білім ордалары Қытайдың жетекші білім беру мекемелерімен халықаралық ынтымақтастықты артуда. Аталмыш делегация екі елдің оқу орындары арасындағы халықаралық байланыстар мен тәжірибе алмасуды нығайтудың маңызды кезеңіне айналды.

Павлодарлық университтің қабырғасында Қытай Халық Республикасының екі беделді білім беру ұйымы – Ухань кәсіптік-техникалық институты және Шаньдун көлік колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты түрде қол қойылды.

Бұл маңызды қадам Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық өзара іс-қимыл, ғылыми алмасу және мәдени диалог үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. 

– Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, халықаралық конференциялар, семинарлар мен ғылыми зерттеулерді өткізу сияқты кең ауқымды бастамаларды жүзеге асыру туралы келісімге келді,  – дейді ИнЕУ өкілдері.

Ухань қаласындағы университетте бүгінде 20 мыңнан астам студент білім алуда, олардың шамамен 1000-ы — шетел азаматтары. Бұл оқу орнының халықаралық мәртебесінің жоғары екенін айғақтайды. Ухань кәсіптік-техникалық институты ақпараттық технологиялар мен инновациялық жүйелер саласындағы жетістіктерімен танымал. Мұнда IT бағыттары белсенді дамып, бағдарламалау, деректер және компьютерлік ғылымдар саласында заманауи шешімдер әзірленіп, оқу орны осы салада көшбасшылардың біріне айналып отыр.

Меморандумға қол қою екіжақты қарым-қатынастардың нығаюының символы ғана емес, сонымен қатар жоғары және кәсіби білім беру жүйесін дамытуға қосылған нақты үлес болып табылады. Сондай-ақ, университеттерді инновацияларға ұмтылыс, сапалы білім беру және жаһандық нарық жағдайында табысты бейімделе алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға біріктіреді.

Инновациялық Еуразия университеті халықаралық ынтымақтастықты табысты дамытуды жалғастырып, диалогқа, тәжірибе алмасуға және білім беру үдерісіне озық тәжірибелерді енгізуге берік платформа қалыптастыруда. Қытайлық серіктестермен жасалған келісім — жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасу мен елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудың тағы бір қадамы.

Сонымен қатар, сапар аясында қытайлық делегация Инновациялық Еуразия университетінің дәрісханалары мен зертханаларын аралап, оқу процесімен танысты, ғылыми жобалармен және профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен пікір алмасты. Екі тарап та серіктестікті кеңейтуге, білім мен тәжірибе алмасуға мүдделі екендіктерін білдірді. Әсіресе, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және білім беруді цифрландыру сияқты қарқынды дамып келе жатқан бағыттар ерекше қызығушылық тудырды.

Бұл сапар жоғары білім беру саласындағы ғылыми және академиялық байланысты тереңдетуге, Қазақстан мен Қытай арасындағы нәтижелі ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға бағытталған маңызды қадам болды.