Павлодар облысының әкімі масаларды азайтудың әдісімен бөлісті
Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында шыбын-шіркеймен күресудің оң нәтижесі жайлы айтты, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
– Біріншіден, әуеден өңделетін алаңдардың көлемін арттырдық. Егер де бұрын 27 мың гектар өңдесек, ендігі кезекте 71,5 мың гектарға, яғни 2,5 пайызға арттырдық. Екіншіден, алғаш рет Ертіс өзенін ғана емес, өзеннің салалары да өңделеді. Ал өзеннің мұндай салалары өте көп. Белая, Усолка, Тюлька, Талинка және басқа да салалары Ертіс өзенінің бойымен 720 шақырымға созылады. Қазіргі Абай облысының шекасынан өтіп, Ресей Федерациясының Омбы облысына дейін, Железин ауданы аумағына қарай шығады, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы биыл су айдындарының барлығы өңделгенін және жұмыстың оң нәтижесін Павлодар қаласының ғана емес, аудандардың тұрғындары да көріп отырғанын атап өтті.
– Павлодар қаласы мен облыста жайылма алқаптардың көлемі өте үлкен – 300 мың гектарға дейін жетеді. Ертіс өзенінен су жіберілгенде қансорғыштар үшін қолайлы орта болады. Шыбын-шіркейді жүз пайыз жойып жіберу мүмкін емес, дегенмен ғалымдардың бағалауы бойынша қансорғыштарды дернәсілдер формасында 90 пайызға дейін жоюға қолжеткізілген, – облыс әкімі.
Сондай-ақ Асайын Байхановтың айтуынша, жоғары нәтижеге жетуге бірнеше фактор әсер етеді. Бұл – ауа райы мен температура, препаратты дер кезінде қолдану.
– Мысалы, шаруалардың өздерінің агротехникалық алгоритмі бар емес пе? Егер де дер кезінде әрекет етіп үлгермесе, жылдық еңбек зая кетеді. Бұл жерде де дәл солай. Әрбір қадамды бақылау керек. Білікті ғалымдар мен дұрыс команда – басты шарттардың бірі, – деді аймақ басшысы.