Инклюзия іс жүзінде: Павлодар облысында әлеуметтік жоба қайта жанданды
Бастама ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаны «Алтын бата» қоғамдық қоры облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы қолдауымен жүзеге асырады. Үкіметтік емес ұйым он жылдан астам уақыт бойы ерекше қажеттіліктері бар балалар өсіп жатқан павлодарлық отбасыларға көмектесіп келеді.
Қор жетекшісі Евгения Стельваганың айтуынша, жоба балалар мен жастарға ғана емес, олардың отбасыларына да нақты қолдау көрсетуді, қоғамға бейімдеуді көздейді. Бұл тек бүгінгі көмек емес, сондай-ақ мұндай отбасылар жалғыз қалмайтын тұрақты орта құруға бағытталған.
– Жоба ақпараттық, кеңестік және психологиялық қолдауды, білім беру мен әлеуметтік-мәдени шараларды қамтиды. Біздің міндетіміз – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастардың қоғамға жеңіл бейімделуіне көмектесу, ал олардың отбасыларына тірек пен түсіністік сезімін беру, – деді Евгения Стельвага.
Жоба аясында кемінде 900 адам қолдау алады. Олардың қатарында балалар мен жастар, ата-аналар, туыстар және осы санатпен жұмыс істейтін мамандар бар. Негізгі мақсат – психологиялық, әлеуметтік және кеңестік көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыруды арттыру және тәжірибе алмасатын, бір-біріне қолдау көрсететін қауымдастық қалыптастыру.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – Павлодарда ақпараттық-ресурстық кеңсенің ашылуы. Мұнда заңгерлік және психологиялық көмек, түрлі мәселелер бойынша кеңес алуға болады. Кеңсе кемінде 250 кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар әлеуметтік бейімдеу топтары құрылмақ – әрқайсысы 10 адамнан тұратын 10 топ, сондай-ақ жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған 10 арт-терапия сабағы ұйымдастырылады.
Жоба облыс орталығымен шектелмейді. Аймақтың қалалары мен аудандарында көшпелі кездесулер өткізіліп, кемінде 160 адам қамтылады. Сонымен қатар мамандар мен мемлекеттік орган өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтеді. Оған кемінде 20 адам қатысып, ерекше қажеттіліктері бар жастармен қарым-қатынас пен қолдау көрсету дағдыларын меңгереді.
Шығармашылық және әлеуметтік шараларға да ерекше көңіл бөлінеді. Бағдарламада кездесулер, арт-терапия және бейімдеу сабақтары бар. Биыл жаңа формат енгізіледі – «Ана үміті» атты аналар фестивалі. Ол Аналар күніне орай 10 мамырда өтеді.
– Біз арамызда талантты әрі қайсар аналар бар екенін көрсеткіміз келеді. Ерекше баланың анасының өз ісі, өз хоббиі болуы тиіс. Фестивальде олар ән айтып, көрмеге өз жұмыстарын ұсынады, – деді Евгения Стельвага.
Сонымен қатар «Жұлдыз-Ай» шығармашылық байқауы өтеді. Ол жастардың өнер саласындағы қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады.
Жобаның маңызды бөлігі – ақпараттық науқан. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен бес подкаст жазылып, YouTube платформасында жарияланады және әлеуметтік желілерде таратылады.
Жоспар бойынша ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектер өсіп жатқан отбасылардың өмірі туралы пайдалы ақпаратты Казнеттің 50 мыңнан астам қолданушысы оқи алады.