Павлодар жағалауында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық кеш өтті

Павлодар жағалауында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық кеш өтті
Фото: Аяужан Жетес

Ең белсенді қатысушыларға жастар орталығының атынан шағын сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс Толқыны» жобасы аясында ұйымдастырылған «BIR TU. BIR EL. BIR BOLASHAQ» атты тақырыптық іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және патриоттық рухын арттыруға бағытталды.

Ашық аспан астында өткен кеш қаланың орталық жағалауын жастарға арналған мазмұнды мәдени әрі танымдық алаңға айналдырды. Мұнда концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар, шығармашылық шеберлік сабақтары, зияткерлік викториналар мен интерактивті тапсырмалар ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін, зияткерлік белсенділігін және мәдени демалысын дамыту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттап, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс жасау бөлім басшысының міндетін атқарушысы Аида Балтабаева кештің мән-маңызына тоқталды.

– 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осы күнге орай жастарға арналған шығармашылық кеш ұйымдастырдық. Негізгі мақсатымыз – жастардың, қала тұрғындары мен қонақтарының бойында патриоттық сезімді ояту, рухани құндылықтарды дәріптеу және елге деген құрметті арттыру, – деді ол.

Кеш барысында бірнеше тақырыптық алаң жұмыс істеді. «BB: Bolashaqqa Bagdar» кәсіби бағдар алаңында жастар жоғары білім алу, мамандық таңдау, қабылдау шарттары мен еңбекке орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Қаланың жетекші жоғары оқу орындары талапкерлерге білім беру бағдарламалары мен студенттік өмір жөнінде кеңес берді.

Ал «Tugan El Rukhy» патриоттық аймағында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің тарихы мен маңызы туралы танымдық тапсырмалар орындап, викториналарға қатысты. «Uly Dala Oyin» ұлттық ойындар алаңы жастарды қазақ халқының мәдени мұрасымен жақындастырса, «Simvoldar Sheberhanasy» шеберлік сағатында қатысушылар Мемлекеттік рәміздер тақырыбында сурет салып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Сондай-ақ «KökFlagKZ» шығармашылық алаңында Ту, Елтаңба және Әнұранға байланысты интерактивті ойындар мен квест тапсырмалары өткізілді. Бұл алаң қатысушылардың Мемлекеттік рәміздер туралы білімін арттырып қана қоймай, ұлттық бірегейлікке деген құрметін нығайтуға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара ашық форматта өткендіктен, оған тек жастар ғана емес, отбасылар, қала тұрғындары мен жағалауға келген қонақтар да қатысты.

– Орталық жағалауда өткендіктен, қатысушылардың нақты санын алдын ала айту қиын болды. Мұнда жастар да, отбасылар да келді. Жалпы, мыңнан астам адам қамтылды деп ойлаймыз. Бағдарламаның барлығы патриоттық бағытта дайындалды. Ұлттық ойындар, шығармашылық алаңдар, шеберлік сабақтары мен интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Ең белсенді қатысушыларға орталық атынан шағын сыйлықтар табысталды, – деді Аида Балтабаева.

Мерекелік кештің концерттік бағдарламасы да елге, жерге, Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет тақырыбына арналды. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Солардың бірі – «Шаңырақ» орталығының әншісі Наурыз Ерсайынұлы.

– Бүгін Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық әндер орындадық. Екі ән дайындадық: бірі – «Бұл біздің жер», екіншісі – «Асау жүрек». Мұндай іс-шаралар жастарға ұнайды деп ойлаймын, өйткені олар патриоттық сезімді оятады. Бұл жерде тек ән ғана емес, түрлі патриоттық ойындар да ұйымдастырылды, – деді ол.

Кешке келген павлодарлықтар да мерекелік бағдарламаның жастар үшін пайдалы әрі әсерлі болғанын айтты. Қала тұрғыны Айнұр Каленова Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастыратын іс-шараларға жиі қатысатынын жеткізді.

– Маған Жастар бастамаларын дамыту орталығының іс-шаралары ұнайды. Уақытым болған кезде қатысуға тырысамын. Бұған дейін осы орталық ұйымдастырған Баянауылға сапарға барған едім, өте жақсы әсер алдым. Бүгінгі кеште де адамдардың көңіл күйі, ойындарға қатысуы, шығармашылық атмосфера ерекше болды. Менің ойымша, жастардың жұмысы алға басса, Қазақстан да алға жүреді. Мемлекеттік рәміздерімізді, мәдениетімізді сақтап, оны басқа елдерге көрсете білуіміз керек, – деді шара қатысушысы.

Осылайша, Павлодардың орталық жағалауында өткен мерекелік кеш Мемлекеттік рәміздер күнін ресми сипатта ғана емес, жастарға жақын, еркін әрі шығармашылық форматта атап өтуге мүмкіндік берді. Ән, ойын, өнер, танымдық тапсырмалар мен ашық диалог арқылы қатысушылар Ту, Елтаңба және Әнұранның елдік санадағы орнын тағы бір мәрте сезінді.